300
Солтүстік Қазақстан аумағына жылына 4 метеорит құлайды
Солтүстік Қазақстан аумағына жылына 4 метеорит құлайды
12 сәуір – халықаралық авиация және ғарышкерлер күні. Адамзат баласы осыдан тура 56 жыл бұрын алғаш рет ғарыш әлемінің есігін ашты. Содан бері 300-ден астам адам ғарышқа ұшты. Ұзақ жылдар бойы дүниежүзінің ғалымдары мыңдаған зерттеу жұмысын жүргізіп келеді. Бұл сала әлі де тылсымға толы. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері жұмбақ әлемге алып телескоптар арқылы саяхат жасайды, деп хабарлайды Baq.kz.
Университеттің астрофизикалық зерттеу орталығы 2004 жылы ашылған болатын. Обсерватория – Қазақстандағы астрономия саласындағы алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтардың бірі. Ұжым бірнеше жыл бойы мезосфералық күміс түстес бұлттар тақырыбын зерттеп жүр. Түнгі аспанда жарық шашатын бұлттар – ғылыми тілде «күміс түстес бұлттар» деген атауға ие. Бұл – сирек кездесетін атмосфералық құбылыс. Бір қызығы күміс түстес бұлттар басқа жерлерге қарағанда Солтүстік Қазақстанның аумағында жиі байқалады екен.
«Біз үш бағыт бойынша жұмыс істейміз. Соның бірі – күміс түстес бұлттарды зерттеу. Қазақстан аумағында күміс түстес бұлттардың ең жақсы көрінетін нүктесі – Петропавл қаласы. Біз Жердің үстіңгі қабаты – тропосфера мен бізден 80-90 шақырымда орналасқан мезосферада болып жатқан құбылыстардың қызық байланысын анықтадық. Күміс түстес бұлттардың көрінуі циклон, антициклон мен орал криптонының қозғалысымен байланысты екен. Біз осы байланысты дәлелдедік. Осы мәселе төңірегінде зерттеу жасап жүрген әріптестеріміз біздің еңбегімізді мойындап, жоғары бағалады», – дейді СҚМУ физика кафедрасының доценті, физика-математика ғылымдарының кандидаты Андрей Солодовник.
Жыл сайын Солтүстік Қазақстан аумағына орта есеппен 4 метеорит құлайды екен. Ғалымдардың пікірінше, облыста халықтың орналасу тығыздығы төмен болғандықтан, бұл құбылыс айтарлықтай қауіп төндірмейді. Тек олардың түскен орнын анықтау қиын болғандықтан, зерттеу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ. 2009 жылдан бері Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің астрофизикалық зерттеу орталығының мамандары Айдың беткі қабатын зерттеуде. Мақсат – минералды аумақтардың орналасқан жерінің картасын құрастыру. Басты айнасының диаметрі 77 сантиметрді құрайтын РК-30 атты телескоп –обсерваторияның негізгі құралы.
«Байқоңыр» ғарыш айлағынан ең алғаш рет Юрий Гагарин «Восток-1» кемесімен ғарышқа ұшты. Тоқтар Әубәкіров – қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер. Талғат Мұсабаев ғарышта бір тәуліктен астам уақыт болып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Олардың жолын Айдын Айымбетов жалғады. Үш ғарышкер де біздің университетке келген болатын. Басқа студенттермен бірге мен де Айдын Ақанұлымен кездестім. Ұмытылмас әсер алып, ғарыш саласын зерттеуге деген қызығушылығым артты», – дейді физика және астрономия мамандығының студенті Мадина Асқарова.
Солтүстік Қазақстан астрофизикалық зерттеу орталығының ұжымы шетелдік әріптестерімен тығыз байланыс орнатқан. Петропавлдық ғалымдар Швецияның Ғарыш физикасы және атмосфера институты, Ресейдің Астрономия мемлекеттік институтымен бірлесіп жұмыс істейді.