Павлодарда үйіліп жатқан медициналық қалдықтар анықталды

/
Павлодарда үйіліп жатқан медициналық қалдықтар анықталды
istockphoto.com

Әлеуметтік желіде полиэтилен қапшықтарға салынып, үйіліп жатқан медициналық қалдықтар туралы бейнежазба тарап кетті. Экологтар оның медициналық қалдықтарды өртеумен айналысатын «BB-Group KZ» ЖШС-на тиесілі екенін айтады, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Тау-тау болып үйіліп жатқан полиэтилен қапшықтардың іші медициналық шприцтер мен системаларға, құралдарға толы. Оларды қаңғыбас иттер ары-бері сүйреп, ауру таратып жатқандай әсер қалдырады. Желіде тараған бейнежазбадан көпшілік осындай жағымсыз көрініске куә болды.

Мәселеге Павлодар облысының экология департаменті бірден көңіл аударған. Мекеме мамандары полицейлермен бірге «KSP Steel» ЖШС-ның солтүстігінде орналасқан аумаққа барып, алдын ала қарау жүргізген.

«Аталған жер телімін қарау барысында қолданылған құралдардан, қанмен былғанған түрлі заттар мен шүберектерден, шприцтер мен системалар және тағы да басқа заттардан тұратын медициналық қалдықтарға кезіктік. Учаскелік полицейдің айтуынша, аталған жер телімі медициналық қалдықтарды қабылдап, жою қызметімен шұғылданатын «BB-Group KZ» ЖШС-на тиесілі. Компанияда қалдықтарды жоятын модульді пеш, II санаттағы объектілерге әсер етуге рұқсат қағазы, қауіпті қалдықтарды өңдеу, залалсыздандыру, утилизациялау және (немесе) жоюға лицензиясы бар», - деп хабарлады өңірлік экология департаменті басшысының орынбасыр Әсет Сыздықов.

Оның сөзінше, бұл медициналық қалдықтарды санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары бақылауы керек еді. Себебі мұндай қауіпті қалдықтарды сақтайтын арнайы контейнерлер, пештер, оларды сақтау мерзімдері, жою технологиялары арнайы санитариялық талаптарда көрсетілген. Ал экология департаменті мұндай жағдайда тек кәсіпкерлік нысанының жерге орналасу актісінің заңдылығын ғана тексере алады. Бұл үшін міндетті түрде шағым түсуі керек.

«Бүгін кешке дейін полиция органынан бізге жазбаша хат түсуі керек деп күтіп отырмыз. Хат түсісімен біз жоспардан тыс тексеру ұйымдастыру туралы шешім шығарып, оны прокуратурада тіркейміз. Тек содан соң барып қана нысанды тексере аламыз», - деп қосты мекеме өкілі.

Ал Павлодар облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мұндай заңсыз күл-қоқыс орындарын анықтауға экология департаменті жауапты екенін хабарлады.

Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының өкілдері аталған оқиға бойынша қосымша ақпарат беретінін жеткізді.

 

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары