Атырау облысында алғаш рет Қылмыстық кодекстің жаңа бабы – сталкинг бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ер адам әйелдің соңынан еріп, терезесін бақылап, әдепсіз әрекеттер жасаған, деп хабарлайды turkystan.kz.
АқЖайықтың жазуынша, оқиға 19 қыркүйекте болған. Ер адам әйелдің ауласына кіріп, ішкиімсіз жүріп, терезеден қарап, үй иесін бақылаған. Оның бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Алғашында полиция оқиғаны ұсақ бұзақылық деп бағалап, әкімшілік сот құқық бұзушыға 60 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындаған. Алайда жәбірленуші қосымша дәлелдер ұсынғаннан кейін іс Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы (Сталкинг) бойынша қайта сараланды.
Әйелдің туысының айтуынша, бастапқыда істі қарағанда ер адамның жыныстық сипаттағы әрекеттері ескерілмеген. Ер адам өзінің жыныс мүшесін ұстап, ішкиімін шешіп, үй иесін бақылап тұрған. Сондай-ақ ол бұл оқиға жария болғаннан кейін өзге жәбірленушілер де дәл осы ер адамға қатысты шағымданғанын айтты.
Еске сала кетейік, Қазақстанда сталкинг туралы бап 16 қыркүйектен бастап күшіне енді. Ол 200 АЕК-ке дейін айыппұл салуды, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға тартуды, не 50 тәулікке дейін қамауға алуды қарастырады.