"Ақтөбе – Алматы" және "Қызылорда – Семей" бағыттарындағы пойыздарда Starlink спутниктік интернеті іске қосылады, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Жолаушылар тасымалы" АҚ өз пойыздарында цифрлық технологияларды дамытуды жалғастыруда. Алдағы айларда №33/34 "Ақтөбе – Алматы" және №21/22 "Қызылорда – Семей" бағыттарындағы пойыздарда Starlink технологиясы арқылы интернет қолжетімді болады", - делінген хабарламада.
Компанияның мәліметінше, жаңа буындағы "Астана – Бурабай курорты" бағыты бойынша жүретін №888/887 Burabay Express электропойызында Starlink технологиясы іске қосылып, жолаушылар алғаш рет жол үстінде интернетке қосылу мүмкіндігіне ие болған. Бұл –жылдамдығы 250 Мбит/с-тан асатын жоғары жылдамдықты интернеті бар алғашқы жүрдек электропойыз.
Пилоттық жобаның алғашқы нәтижелері бұл қызметтің жоғары сұранысқа ие екенін көрсеткен. Жолаушылар ойын-сауық контентін көру, мессенджерлер арқылы байланысу, сапар барысында қашықтан жұмыс істеу, сондай-ақ онлайн-табло, мультимедиялық жүйе және қолма-қол ақшасыз төлем қызметі сияқты қосымша сервистерді пайдалана алады.
Ұлттық тасымалдаушы үшін бұл жоба жолаушылар қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Пойызға орнатылған бейнекамералар жол бойы жағдайды бақылауға, ал GPS-трекерлер маршрутты нақты уақыт режимінде Ситуациялық орталықтан қадағалауға мүмкіндік береді.
Айта кетелік, биыл "Жолаушылар тасымалы" АҚ цифрландыру бағдарламасы аясында пойыздарды интернетпен қамту жұмысын жалғастырып, пилоттық режимде №67/68 "Астана – Өскемен" және №3/4 "Астана – Алматы" бағытындағы "Тальго" пойыздарында төмен орбиталы жоғары жылдамдықты спутниктік интернетті іске қосқан еді. Бүгінге дейін осы үш бағытта 100 мыңнан астам жолаушы интернет қызметін пайдаланған.