Жамбыл облысының тауларында 2000 жылы туған жас жігіт адасып кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
ТЖМ мәліметінше, кеше кешке Жамбыл облысы ТЖД 112 пультіне Жуалы ауданындағы «Алмалы Сай» таулы аумағында достарынан қалып қойған 2000 ж.т. жас жігіттің жоғалғаны туралы хабар түсті.
Оқиға орнына жедел арнайы техникамен ТЖМ құтқарушылары, кинологиялық есеп және ұшқышсыз ұшу аппараты шықты. Сондай-ақ іздеу жұмыстарына аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері де жұмылдырылды.
«Іздеу жұмысы түні бойы қиын таулы жерде жүргізілді. Жоғалған азаматпен байланыс болған жоқ: оның ұялы телефоны сөндірілген, геолокациясы анықталмады. Бұл оның орналасқан жерін табуды қиындатып, құтқарушылардан барынша кәсіби шеберлік пен жоғары зейінді талап етті.
Қиындықтарға қарамастан, бүгін таңертең жас жігіт табылды. Оған медициналық көмек қажет болған жоқ», – делінген ҚР ТЖМ хабарламасында.