Алматы қаласы Алмалы ауданының №2 аудандық соты М.-нің Медициналық орталыққа материалдық және моральдық зиянды өтеу туралы талап арызы бойынша азаматтық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сот мәліметінше, М. диабет асқынуларын емдеу үшін медициналық орталыққа жүгінген және қызметтерге 420 мың теңге ақы төлеген. Алайда көрсетілген медициналық көмек жағдайын жақсартпаған. Керісінше ауру асқынып, М. басқа медициналық орталыққа жүгінуге мәжбүр болған.
Онда дәрігерлер алдыңғы сапасыз емдеудің салдарын жою кезінде оң аяғының саусағын ампутациялауға мәжбүр болған. Бұл оған физикалық азап пен елеулі моральдық зиян келтірді. Осыдан кейін М. төленген қаражаттың бір бөлігін қайтару және моральдық зиянды өтеу талабымен сотқа жүгінді, - деп хабарлады соттан.
Сот анықталған мән-жайларды ескере отырып, М.-нің талап арызын қанағаттандырып, медициналық орталықтан 120 000 теңге материалдық және 500 000 теңге моральдық зиянды өндіріп алу туралы шешім шығарды.