Ресейде сирек кездесетін халық күйі табылды

/
Ресейде сирек кездесетін халық күйі табылды
istockphoto

Ресей Федерациясының архивінен сирек кездесетін халық күйі табылды, деп хабарлайды turkystan.kz мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Министрлік таратқан ақпаратқа сәйкес, Қазақстанның Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары архивінде сыбызғышы Ысқақ Уәлиевтің орындауындағы халық күйі "Естек" пен Мұхит Мералыұлының әйгілі "Зәуреш" әні сақталған. Бұл құнды мұралар "Архив–2025" мемлекеттік бағдарламасы аясында Мәскеудегі Мемлекеттік фоноқұжаттар архивінен табылған болатын.

"Кей деректерге сүйенсек, сирек жазбалар 1930–1940 жылдары Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі кезінде таспаға түсірілген. Бұл тарихи жазбалар қазақ халқының бай музыкалық мұрасын сақтап қана қоймай, сол кезеңде ұлттық өнердің бүкіл Одақ көлемінде жоғары бағаланғанын айғақтайды", - делінген ресми хабарламада.

Сол жылдары "Известия" газетінде Н.Изгоевтің мақаласы да жарияланған.

"Қазақтар қазаққа ғана емес, бәріне де түсінікті өнер алып келді... Қазақтардың созылған әндерінен біз ақселеулі даланың үнін естідік", – деп жазды ол.

Ресейде табылған тарихи жазбалар ресми түрде Ұлттық архивтің қорына да енгізілді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары