Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 80-ші сессиясының Жалпы дебатында еліміз Орнықты даму мақсаттарын ұлттық күн тәртібіндегі басымдықтардың бірі ретінде айқындағанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Біз жікке бөлінушілік барған сайын күшейіп, инвестиция ағынына қатысты саяси сыңаржақ ұстаным белең алғанына куә болып отырмыз. Соның салдарынан былтыр әлемдегі тікелей шетел инвестициясының көлемі 1,5 триллион долларға дейін қысқарды. Қазақстан инвестиция саласындағы халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейтуді табанды түрде жақтайды. Тәуелсіздіктің 30 жылында ел экономикасына 400 миллиард доллардан астам қаржы тартылды.
Біз әрқашан ашық нарық қағидаттарына сүйенеміз әрі бұл мемлекеттік саясатымыздың негізгі бағыты болып қала береді.
Еуразия төсінде орналасқан Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 80 пайызына қызмет көрсететін логистикалық хаб ретінде шешуші рөл атқарады. Біз көлік-транзит инфрақұрылымына, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасына, Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізіне және Транскаспий көлік бағытына ондаған миллиард доллар инвестиция саламыз. Қазақстан қалыптасып келе жатқан жаһандық көлік жүйесінің өзегі саналатын аймақтық жеткізу тізбегін дамытуды жалғастырады. 2029 жылға дейін 5 мың шақырым жаңа теміржол салуды жоспарлап отырмыз" – дейді Президент.
Еліміз Орнықты даму мақсаттарын ұлттық күн тәртібіндегі басымдықтардың бірі ретінде айқындады. Ондағы міндеттер мемлекеттік жоспарлауда және бюджет жобасын әзірлегенде ескеріледі.
"БҰҰ Бас хатшысы мен Ұйымға мүше мемлекеттердің қолдауының арқасында Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы ашылды. Бүгінде Орталық Азияның бірлігі мен өзара сенімі жаңаша сипат алып, өңір халықаралық бейбітшілік пен прогрестің белсенді қатысушысына айналды.
«Орталық Азия бестігі» ынтымақтастығын нығайтуда. Сол арқылы тату көршілік дамуға да, қауіпсіздікті күшейтуге де оң септігін тигізетінін дәлелдеп отыр.
Соның арқасында біздің өңір әлемдегі негізгі серіктестерімен «Орталық Азия плюс» форматында диалог жүргізе бастады.
Қазақстан Ауғанстанның инклюзивті дамуын аймақтағы ұзақ мерзімді бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің кепілі деп санайды. Біз ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетіп, сауда, азық-түлік қауіпсіздігі, инфрақұрылым және көлік тасымалы салаларындағы ықпалдастығымызды жалғастыра береміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.