Қазақстанда нашақорлықпен күрес күшейіп келеді. Бүгінде 18 мыңнан астам азамат нарколог-дәрігерлердің бақылауында, олардың басым бөлігі – жастар.
Соңғы бес жылда тәркіленген синтетикалық есірткі көлемі 143 есеге артқан. Тек биылдың өзінде құқық қорғау органдары 5 мыңнан астам есірткі қылмысын анықтап, қоғамдағы жағдайдың қаншалықты күрделі екенін көрсетті. Бұл сандар – дабыл қағарлық деңгейде. Нашақорлық енді жай ғана қауіп емес, тұтас бір буынның дертіне айналып отыр.
«AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты үшінші жыл қатарынан елімізде «Есірткіге жол жоқ!» акциясын өткізіп келеді. Бұл бастама қазірдің өзінде нашақорлық пен есірткі қылмыстарына қарсы күрестің басты бағыттарының біріне айналды. Мыңдаған ерікті күн сайын есірткі насихатына тосқауыл қойып, «Заң мен тәртіп» қағидатын күшейтуге және салауатты өмір салтын насихаттауға атсалысып отыр.
Акция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылуда. Президент бірнеше рет нашақорлықпен күресті күшейтудің қажеттілігін атап өткен болатын. Биыл қаңтарда Тоқаев есірткі қылмыстары үшін жазаны күшейтетін заңға қол қойды. Құжатқа сәйкес, есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен заңды бұзған құқық қорғаушыларға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді. Заң жобасын Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері әзірледі. Ал тамыз айында өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Президент мемлекеттік саясаттың нашақорларға кеңшілік танытып, ал есірткі саудасына келгенде қатаң және мүлде төзбеушілік ұстанымда болуға тиіс екенін ерекше атап өтті.
«Есірткі қылмыскерлері жаңа ақпараттық технологияларды белсенді қолдануда. Әлеуметтік желілер арқылы жастарды жеңіл жолмен табыс табуға қызықтырып, оларды есірткі тасымалдаушыларға айналдырып отыр. Бұл – тұтас буынға төнген үлкен қауіп. Сондықтан Президент бірнеше рет осы әлеуметтік кеселге ерекше назар аударды. Біз де нашақорлықпен күреске өз үлесімізді қосып келеміз. Үш жылға жетпей, 12 мың наркограффитиді жойдық», – деді «Жастар Рухы» төрағасы Ақерке Искандерова.
Рухтастар тек есірткі жарнамасын жоюмен шектелмей, жастар арасында ақпараттық материалдар таратып, жүздеген кездесу мен флешмоб ұйымдастыруда. Тек соңғы айларда еліміздің әр өңірінде шамамен 5 мың жас акцияға қатысты. Мәселен, Өскеменде полиция студенттерге есірткі тасымалдаушыларды ұстаудың үлгісін көрсетті. Құқық қорғаушылар граффити арқылы есірткі жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Қазір өңірде арнайы мониторинг тобы жұмыс істейді. Олар тыйым салынған жарнамалар туралы деректерді полицияға жолдап отыр.
Салауатты өмір салтын насихаттау да басты назарда. «Чемпиондық рух» жобасы арқылы «Жастар Рухы» жастар қанаты жасөспірімдер мен студенттерді спортқа тартып, чемпиондармен кездесулер мен мотивациялық сессиялар ұйымдастыруда. Бағдарлама аясында еліміздің барлық өңірінде турнирлер, шеберлік сабақтары мен жаттығулар өткізіліп келеді. Іс-шараларға ондаған танымал спортшы мен мыңдаған жасөспірім қатысуда.
Спорттық бастамалардан бөлек, «Жастар Рухы» жастар қанаты заманауи форматтарды да белсенді қолдануда. «Bir Tolqynda» және «Рухтастар Cases» диалог алаңдары жастар арасында сұранысқа ие болса, IT саласында да инновациялық жобалар қолға алынған. Мәселен, 2023 жылы Astana Hub-пен бірлесіп «AMANAT TECH» атты республикалық хакатон өткізілді. Байқауда қатысушылар нашақорлыққа қарсы күрес пен тәуелділерді оңалтуға арналған тың шешімдер ұсынды.
Осылайша «Жастар Рухы» жастар қанаты елімізде есірткіге төзбеушілік мәдениетін қалыптастырып, «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға үлес қосып келеді. Рухтастар барлық бағытта жүйелі әрі үздіксіз жұмыс жүргізуде – көшелердегі наркожарнамаларды жоюдан бастап жаңа цифрлық сервистерді құруға дейін. «Есірткіге жол жоқ!» акциясы мемлекеттің, партияның және жастардың күш-жігерін біріктірген тұрақты қозғалысқа айналды.