Полковник Бақытжан Малыбаев облыстық полиция департаментінің бастығы қызметін тура бір жыл атқарды. Ол бұл қызметке 2024 жылдың 24 қыркүйегінде тағайындалған болатын. Бұл ақпаратты Ішкі істер министрлігі растады, деп хабарлайды turkystan.kz.
— Жамбыл облысы ПД-нің бұрынғы бастығы Бақытжан Малыбаев берген рапортына сәйкес ішкі істер министрінің бұйрығымен атқарып отырған қызметінен босатылды, — деп хабарлады ведомство.
Айта кетерлігі, оның қызметтен кету жағдайы тағайындалған кездегі жағдайды еске салады. Ол кезде министрлік «Заң мен Тәртіп» қағидасын нығайту мақсатында тексерістен кейін кадрлық ауыс-түйістер жүргізілгенін атап өткен еді. Сол кезде департамент бастығы Арманбек Баймурзин және оның орынбасарлары — Құрмет Мәжікенов, Нұржан Рахметуллаев, Қанат Сматов пен Бауыржан Үдергенов бір мезетте қызметтерінен босатылған.
Бұл жолы облыстың бас полицейінің отставкасына оның кадр саясатына жауапты орынбасары Жайдарбек Құттыбаевтың қамауға алынуы себеп болды.