Жұмысшы мамандықтары жылына орай Павлодарда ерекше трамвай таныстырылды

Жұмысшы мамандықтары жылына орай Павлодарда ерекше трамвай таныстырылды
AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Павлодар көшелерінде ерекше трамвай пайда болды. «AMANAT» партиясының брендтелген көлігі жұмысшы мамандықтарын қолдаудың әрі экологиялық таза қоғамдық көлікті насихаттаудың жаңа символына айналды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында жүзеге асырылуда. Президент өз Жолдауында жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсу, оларға лайықты жалақы төлеу – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі екенін атап өткен еді.

Іс-шараға жүзге жуық адам қатысты. Олардың қатарында Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Еділ Жаңбыршин, Сергей Пономарев, Жарқынбек Амантай, Вера Ким, сондай-ақ бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, қоғам белсенділері, трамвай басқармасының қызметкерлері мен колледж студенттері болды.

«Қоғамдық көлік – бұл тек бір жерден екінші жерге жету құралы емес. Бұл – қала тұрғындары мен қонақтарының күн сайынғы ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз етіп жүрген ондаған адамның еңбегі. Осындай азаматтардың арқасында қаланың тіршілігі тоқтамай, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалып отыр. Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылында біз еңбек адамы әрқашан құрметке лайық екенін, ал маңдай термен атқарылған адал істің ешқашан елеусіз қалмайтынын көрсеткіміз келеді. Жұмысшы мамандықтары назардан тыс қалмауы керек», – деді «AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалының төрағасы Илья Теренченко.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Пономаревтың айтуынша, партия қазір қоршаған ортаға зиянды азайтып, қалаларды өмір сүруге қолайлы ету бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Осыған байланысты қоғамдық көлікті жаңғырту мен дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

«Трамвай – экологиялық таза әрі қолжетімді көлік. Азаматтарды осы көлік құралын пайдалануға шақыру арқылы біз «Таза Қазақстан» жобасын іс жүзінде жүзеге асырып отырмыз. Алдымен қоғамдық көлікті дамыту сияқты қарапайым қадамдардан бастаймыз, кейін экологияға жауапкершілікпен қарайтын қоғам қалыптастыруды жалғастырамыз. Өйткені табиғатты қорғау, көшелер мен ауаның тазалығын сақтау – әрбір адамның өмір сапасына тікелей әсер етеді», – деді депутат.

Сонымен қатар іс-шара барысында студенттер үшін трамвай депосына экскурсия өткізілді. Олар мекеменің жұмысымен танысып, техникалық базаны аралады, жүргізушілер мен мамандармен пікір алмасты.

Қатысушылардың пікірінше, бұл тәжірибе күнделікті еңбекке негізделген мамандықтардың қоғамға қаншалықты пайдалы екенін айқын көрсетті.

Айта кету керек, жыл басынан бері «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты мыңдаған студентке нақты өндірістік үдерістермен танысуға мүмкіндік беретін бірқатар іс-шараларды өткізіп келеді.

Олардың қатарында жас кәсіпкерлерге арналған кеңестер, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері, шалғай ауылдардағы мобильді азаматтарды қабылдау сессиялары және тағы басқалар бар. Ал мұндай экскурсиялар жастарды еңбекке баулудың, кәсіби бағдар берудің және білікті кадрларды даярлаудың тиімді құралына айналуда.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары