Депутаттар Павлодар облысының экологиялық жағдайына алаңдаулы

Депутаттар Павлодар облысының экологиялық жағдайына алаңдаулы
Мәжілістің Баспасөз қызметі

Мәжілістегі Экология және табиғатты пайдалану комитеті Павлодар облысында «Өңірдің экологиялық қауіпсіздігі мәселелері» тақырыбында көшпелі отырыс өткізді.

Сапар аясында депутаттар ірі өнеркәсіптерді, тазарту нысандарын және тарихи сынапты ластаумен байланысты «Былқылдақ» жинақтағышын аралады.

Жиында өндірістің қоршаған ортаға әсерін азайтуға, тазарту жүйелерін жаңғыртуға, барлық ірі ластаушы кәсіпорынға автоматтандырылған мониторинг жүйелерін орнатуға және жинақталған экологиялық ластанудың салдарын жоюға назар аударылды.

Комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин Мемлекет басшысы өз жолдауларында экология мәселелерін әрдайым айрықша мән беретінін, қоғамда экологиялық мәдениетті дамыту жөнінде нақты тапсырмалар бергенін атап өтті.

– Комитет жоспарына Павлодар облысына сапарды бекітуіміз бекер емес. Өйткені еліміздің қоршаған ортасына шығатын ластаушы шығарындылардың үштен бірін осы өңір құрап отыр. Біз өңірдің экологиялық мәселелерінен жақсы хабардармыз және оларды шешуді мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп тұрақты түрде талқылап келеміз, – деді Е.Жаңбыршин.

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев республикадағы жалпы шығарындылардың шамамен 30 пайызы Павлодар облысына тиесілі екенін айтты. Ол ірі кәсіпорындарды ең озық қолжетімді техникаларға көшіру мен Ертіс өзенін қорғауға арналған тазарту құрылыстарын жаңғырту басым бағыт екенін алға тартты.

Дегенмен Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева өңірдің индустриялық жүктемесі жоғары болғанына қарамастан, қолжетімді ең озық техникаларды енгізу және экологиялық шараларды жүзеге асыру нәтижесінде ауаға шығарылатын зиянды заттардың көлемі біртіндеп азайып келе жатқанын жеткізді.

Бұл ретте Павлодар облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Ерлан Салханов қабылданған шаралар нәтижесінде табиғатты пайдалану саласындағы құқықбұзушылықтардың жолы кесілгенін, су және орман ресурстарын қорғау күшейтіліп, бюджетке келуі мүмкін елеулі шығындарға тосқауыл қойлығанын айтты.

Депутаттар «Былқылдақ» жинақтағышындағы сынапты ластану, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері, Павлодар, Ақсу және Екібастұздағы кәріздік тазарту құрылыстарының тозуы, сондай-ақ облыс орталығында нөсерлік-кәріз жүйесінің болмауы, соның салдарынан Ертіс өзенінің үстіңгі ағыммен ластануы мәселелерін көтерді. Бұл түйткілдің барлығы тұрғындардың денсаулығына, экожүйенің тұрақтылығына және өңірдің әлеуметтік дамуына тікелей әсер ететініне назар аударды.

Комитет төрағасы депутаттар бюджет заңнамасына арнайы түзету енгізгенін, енді экологиялық заңнаманы бұзған жер қойнауын пайдаланушылардан өндірілген айыппұлдар республикалық бюджетке емес, жергілікті бюджетке түсіп, тікелей сол өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға жұмсалатынын еске салды.

– Бұл өңірлердің экологиялық ахуалын жақсартуға нақты қаржылық негіз қалыптастыратын қадам деп есептеймін. Алда жылу электр орталығының күлін, металлургия шлактары мен шламдарын екінші реттік шикізат етіп бекіту, құрылыс және жол компанияларының күл мен металлургия қалдықтарын міндетті түрде қолдануын қадағалау, өндірістік қалдықтарды құрылысқа пайдалану үшін ынталандыру шараларын енгізу сияқты міндеттер тұр. Павлодар, Ақсу және Екібастұздағы тозуы 83-85 пайызға жеткен кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғырту, заманауи полигондар мен қайта өңдеу кешендерін салу, «Былқылдақ» лас сулар қоймасындағы тарихи сынапты ластануды жою үшін әлемдегі заманауи технологияларды енгізу жұмыстарын да бақылауға алатын боламыз, – деді Е.Жаңбыршин.

Көшпелі отырыс қорытындысы бойынша комитет төрағасы мемлекеттік органдармен және кәсіпорындармен бұл бағыттағы өзара іс-әрекетті жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді. Негізгі тұжырымдар мен ұсыныстар әзірленіп, Үкіметке жолданатын болады.

Бұған дейін өңірге сапары барысында депутаттар «Павлодар-Водоканал» ЖШС-нің кәріз-тазарту құрылыстарындағы және «Былқылдақ» жинағышындағы экологиялық жағдаймен, сондай-ақ облыстың ірі кәсіпорындары – Павлодар мұнай-химия зауытының, Павлодар алюминий зауытының және Қазақстан электролиз зауытының жаңғыртылуымен танысты.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары