Ақтөбелік зейнеткер бос жерге 500 түп ағаш егіп, саябақ жасады

/
Ақтөбелік зейнеткер бос жерге 500 түп ағаш егіп, саябақ жасады
скриншот

Ақтөбелік зейнеткер Серік Қожымов ел игілігі үшін игі бастама көтерді. Ол биыл көктемде 500 түп көшет отырғызып, шаһардың іргесіндегі бос жатқан алқапты жасыл желекке толы демалыс орнына айналдыруды қолға алған, деп хабарлайды turkystan.kz

24KZ хабарлауынша, зейнет демалысындағы Серік Қожымов ала жаздай мемлекеттен жалға алған екі гектар жерге еккен қарағаш пен көк терек көшеттерін баптаған.

Оларды суаруға құдық қаздырып, электр желісін тартқан. Мұның бәріне зейнеткер өзінің қаражатын жұмсаған.

«Мұны қолға алған себебім – мен өзім табиғатқа жақындаумын. Мына жерде елді мекендер бар Сая елді мекені, Мағаджан елді мекені, сосын Заречный-1 дейді. Халықтың демалатын жерлері жоқ. Балалардың баратын жері жоқ. Солар үшін осы жерді алып, болашақта осы жерге саябақ ашқым келеді», - деді қала тұрғыны Серік Қожымов.

Серік Қожымовқа көршісі әрі замандасы Юрий Михайлович қолқабыс етеді. Бүгінде олар еккен көшеттердің барлығы бірдей жерсініп, жайқалып тұр. Зейнеткер демалыс орнында футбол және воркаут алаңдары болғанын да қалайды. Ол үшін халық қатысатын бюджет бағдарламасына иек артпақшы. Бұған дейін бұл аудан тұрғындары аталған жоба аясында балалар ойын алаңына қол жеткізген.

«2022 жылдары салынды. Халықтың ұсынысымен бөлінетін бюджет деген бар ғой сол бойынша әкімдікке үлкен рақметімізді айтамыз. Халық үшін, ел үшін ғой. Енді қазіргі жағдайларын көріп отырсыздар. Вандализм бар, ұрлайды. Осыны сақтау үшін біз халық болып, Сая елді мекені болып кезек-кезек жинадық. Сонымен қатар балалар алаңының бергі жағына видеокамера орнаттық», - дейді ол.

Ал Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Рүстем Өтешов келесі жылы бұл жерге футбол алаңы, баскетбол алаңы және воркаут алаңын орнатуды жоспарлап отырғандарын жеткізді.

Сондай-ақ ол Серік Қожымов алғысын жеткізді.

«Өзі сол жерде халықты жинап, өзі ұйымдастырып тазалыққа да атсалысып жатыр», - деді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары