Астанада «ҚТЖ-Жүк тасымалы» компаниясына қатысты бәсекелестікті қорғау туралы заңнаманы бұзу белгілері бойынша тергеп-тексеру аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, тергеп-тексеру жүргізуге Қазақстан Республикасы Ұлттық экспедиторлар қауымдастығының, Экспедиторлар қауымдастығының және бірқатар көлік-экспедиторлық компаниялардың өтініштері негіз болған.
«Тергеп-тексеру нәтижесінде, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» жүк тасымалдау жоспарларын келісу барысында аффилиирленген компанияларға – «KTZ Express» АҚ және «КедентрансСервис» АҚ-ына артықшылық беріп, жеке экспедиторлық ұйымдардың қызметіне кедергілер жасағаны анықталды», – делінген хабарламада.
Аталған әрекеттер «ҚТЖ-Жүк тасымалы» тарабынан монополиялық жағдайды теріс пайдалану ретінде бағаланған.
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімі бойынша, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 159-бабы 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекет кірісіне 1,42 млрд теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
2025 жылғы 15 қыркүйектегі Астана сотының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды.