Астана қаласында есірткінің заңсыз айналымына қатысты екі дерек анықталды. Бұл туралы Polisia.kz жариялады.
Елордада прокуратураның үйлестіруімен өткізіліп жатқан есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимылға бағытталған 30 күндік кешенді шаралар жалғасып жатыр. Оның аясында полицейлер екі заңсыз есірткі айналымы фактісін әшкереледі.
— Алғашқы жағдайда 30 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Ол есірткі таратумен қатар, үйінде заңсыз өсірумен де айналысқан. Жедел іс-шаралар барысында оның жеке үйінің бір бөлмесінде марихуана өсіруге арналған шағын жылыжай жабдықталғаны анықталды, — делінген ақпаратта.
Тексеру кезінде полиция 15 түп есірткі өсімдігін, сондай-ақ арнайы шамдар, желдеткіш және температураны ұстап тұратын құрылғыларды тәркіледі.