Ақтауда ақша жымқырды деп айыпталған есепші ақталып шықты

/
Ақтауда ақша жымқырды деп айыпталған есепші ақталып шықты
istockphoto

Ақтау соты ірі мөлшердегі ақша жымқыру ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Маңғыстау облыстық соты.

Ақтау қалалық сотында ақша жымқырды деп айыпталған бухгалтерге қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сот материалдарына сәйкес, ол сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденді және талан-таражға салды деп айыпталды. Бұл қылмыс адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы, бірнеше рет ірі және аса ірі мөлшерде жасалған деп сипатталып отыр.

"Айыпталушы "Әлем құрылыс ltd" ЖШС-ның бас бухгалтері болған. 2022 жылдың 10 қазанынан 2025 жылдың қаңтарына дейінгі кезеңде өзге тұлғалармен бірлесіп, 10 000 000 теңге, 61 207 952 теңге 50 тиын және 72 071 213 теңге көлеміндегі ақшалай қаражатты иемденіп, талан-таражға салды деп айыптады", - делінген сот хабарламасында.

Алайда сот айыпталушының кінәсі дәлелденбегендіктен ақтады.

"Қылмыстық іс заң бұзушылықпен қозғалғаны анықталды: алдын ала тергеп-тексеру органы қылмыстық процесті бастау үшін міндетті шарт саналатын өтініштер мен хабарламаларды ЕРДР-ге тіркеу тәртібін сақтамаған. Іс арыз бен рапорт негізінде қозғалған, алайда оларда нақты залал мөлшері мен оны растайтын құжаттар – тексеру, ревизия немесе аудит актілері болмаған", - дейді ведомство.

Сонымен қатар тергеушінің істі тоқтату туралы қаулысы жоғары тұрған прокурорлар тарапынан заңсыз түрде бұзылған. Сотталушының өз кінәсін мойындауы дәлел бола алмайды.

Айыптаушы тарап бас бухгалтерді кінәлі деп танып, оған жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және келтірілген залал сомасын өндіруді сұрады.

Қорғау тарапы бухгалтердің даулы мүліктің иесі болып табылатын құрылтайшылардың бірінің нұсқауымен әрекет еткенін және аталған қаражат еңбекақы төлеуге жұмсалғанын айтып, ақтау үкімін шығаруды сұрады.

"Сот кінәсі дәлелденбегендіктен, ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша ақтау үкімін шығарды. Сотталушыға заңсыз қылмыстық жауапқа тартылғаны үшін залалды өтеу құқығы түсіндірілді", - дейді Маңғыстау облыстық соты.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары