Соңғы уақытта ішкі нарықта сиыр еті бағасының өсуі байқалып, тұтынушылар арасында алаңдаушылық тудыруда. Осыған байланысты ҚР АШМ ірі қара мал еті өндірісінің өзіндік құны мен баға қалыптастыру құрылымы жөнінде ағымдағы жағдайды түсіндіреді, деп хабарлайды turkystan.kz.
1 кг еттің орташа өзіндік құны шамамен 2 800–3 100 теңгені құрайды. Көтерме саудадағы 15% үстемеақыны қосқанда, баға 1 кг үшін 3 400–3 500 теңге деңгейінде қалыптасып отыр.
Салыстырып қарасақ, көршілес елдерде сиыр етінің бөлшек бағасы әлдеқайда жоғары:
Мәселен, Өзбекстан мен Тәжікстанда — 1 кг үшін 6 500 теңгеге дейін, Ресейде — 8 500 теңгеге дейін, Қытайда — 8 000 теңгеге дейін, Түрікменстанда — 9 000 теңгеге дейін, Түркияда — 13 000 теңгеге дейін бағаланады.
Айта кету керек, ірі қара малдың бір тұтас етінің тірі салмағынан 50–60%-ы ғана ет ретінде шығады. Оның ішінде тек 15–20%-ы премиум санаттағы бөліктерге (қарын асты еті (филе), қабырға еті (рибай), жамбас еті (кострец) тиесілі, олардың бағасы жоғары болады. Орта деңгей шамамен 40–45%-ды құрайды, төменгі деңгей — 25% шамасында. Сүйек, май және ет қалдықтары, яғни ет ретінде өткізуге жарамсыз бөлігі — 15–20%.
Осылайша, бөлшек саудадағы сиыр еті бағасы тек өзіндік құнға ғана емес, сонымен қатар еттің санатына, тағамдық құндылығына, малдың семіздігіне және қайта өңдеу тәсіліне байланысты қалыптасады. Майы аз ет бөліктері арзанырақ болса, жоғары мәрмәрлі ет пен жұмсақ құрылымы бар кесінділер жоғары сапаға жатады және олардың бағасы қымбат болады.
Министрлік негізсіз бағаның өсуін тежеу үшін жүйелі шараларды жүзеге асыруды жалғастыруда. Олардың қатарында — бордақылау алаңдары мен шаруашылықтарды жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын кеңейту, ет өңдеу кәсіпорындарын салу және жаңғыртуды қолдау, бағаны тұрақтандыру бойынша форвардтық сатып алу мен интервенцияларды жүргізу бар. Сондай-ақ өнім өткізу тізбегінің барлық кезеңдерінде бәсекелестік заңнамасының сақталуына бақылау күшейтіледі.
АШМ жағдайды тұрақты түрде қадағалап, әкімдіктермен және мүдделі құрылымдармен өзара іс-қимыл жүргізуде. Бұл халық үшін азық-түлік қауіпсіздігін және ет өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.