Астанада жалпықалалық ауқымды сенбілік өтіп жатыр

Астанада жалпықалалық ауқымды сенбілік өтіп жатыр
gov.kz

Елордада 20 қыркүйек күні таңертең «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты экологиялық акция және Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day) аясында жалпықалалық сенбілік басталды, деп хабарлайды turkystan.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Сенбілікке қала тұрғындары, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдар қызметкерлері, шағын және орта бизнес өкілдері (базарлар, сауда және ойын-сауық орталықтары, кафелер, мейрамханалар және т.б.), волонтерлер, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар, мәдениет және спорт қайраткерлері, ПИК (МИБ) және басқа да ұйымдар қатысып жатыр.

Экологиялық акция аясында елордада санитарлық тазалау жұмысы жүргізіліп жатыр: нөсер және арық жүйелерін тазарту, көшелерді, тротуарларды, аулаларды, қоғамдық кеңістіктерді жинау жұмыстары қолға алынды. Сонымен қатар жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу, сауда нысандарына іргелес аумақтарды тазалау, рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жою секілді жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қала тұрғындары тазалық пен тәртіпке белсене атсалысуда. Бірқатар ауланың тұрғындары бірлесе шығып, қаланың тазалығына атсалысып жатыр.

«Бүгінгі сенбілік әдеттегі тазалық емес, шын мәнінде аула мерекесіне айналды. Біз бүкіл отбасымызбен шықтық, көршілер бас қостық, тіпті балаларымыз да көмектесті. Осындай сәттерде қаланың баршамызға ортақ үй екенін сезесің, ондағы тәртіп әрқайсымызға байланысты. Жұмыстан кейін көршілермен әңгімелесіп, әзілдесіп, аулада отырып демалған да жақсы екен. Міне, жайлы Астананы осылайша бірге жасаймыз», – деді Сарыарқа ауданының тұрғыны.

Масштабты тазалық жұмысы барысында елорданың барлық алты ауданында ағаш отырғызу да ұмыт қалған жоқ.

«Біз қаланы күн сайын таза ұстауға тырысамыз, бірақ тұрғындар да атсалысса, нәтиже екі есе байқалады», – деді коммуналдық қызмет мамандарының бірі.

Айта кетейік, елордада 13 қыркүйектен 11 қазанға дейін дәстүрлі экологиялық айлық «Таза Қазақстан: Таза Астана» өтіп жатыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары