Белгілі қоғам қайраткері Амантай қажы Алматыда жуырда ғана жөнделген көпірді бүлдіргені үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әлеуметтік желі Threads-та Сейфуллин – Райымбек қиылысындағы көпірдің тірегіне баллон бояумен сурет салып жатқан ақсақалдың видеосы жарияланды. Қала тұрғыны бұл әрекетке наразы болды.
«Күндіз еш ұялмастан келіп, көпірді бүлдірді. Мұндайларды әкімшілік жұмысқа тартып, өзі бүлдіргенін өзі тазаласын», – деп жазды.
Желі қолданушылары видеодағы адамның 83 жастағы Амантай қажы екенін таныды. Ол – қоғам қайраткері әрі антиядролық қозғалыстың белсендісі.
Алматы қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты пікір білдірді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, құқықбұзушыға қала аумағын абаттандыру ережесін бұзғаны үшін шара қолданылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Полиция қала көшелерінің тазалығы мен сақталуы – баршаға ортақ міндет екенін еске салып, тұрғындарды қоғамдық тәртіпті құрметтеуге шақырды.