Ислам мемлекеттерімен сауда-саттық ұлғайып келеді

Ислам мемлекеттерімен сауда-саттық ұлғайып келеді

Ислам мемлекеттерімен сауда-саттық ұлғайып келеді
ашық дереккөзі
201
Бүгін Мәжілісте "Ислам конференциясы ұйымына мүше елдер арасындағы экономикалық, теxникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісімді ратификациялау туралы" ҚР заңының жобасы талқыланды, деп хабарлайды Baq.kz. Ислам ынтымақтастығы ұйымы қатысушыларының саны, географиялық ауқымы мен мамандандырылған құрылымдар желісі жағынан Біріккен ұлттар ұйымынан кейінгі 56 мемлекетті біріктіретін ірі халықаралық ұйым. Аталған ұйымға Қазақстан 1995 жылы мүше болып кірді. Ал Бас келісімге 2015 жылғы 25 қарашада Стамбұл қаласында қол қойды. Бас келісім арқылы Қазақстан сауда, инвестициялар ғылым және технология салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Осы келісім туралы баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстанның бұл ұйымға мүше елдермен сауда айналымы артып келе жатқанын айтып өтті. "Сауда саласында Келісім мүше елдердің бір-бірімен тең құқылы және кемсітпейтін сауда қатынастарын қолдануға, сауда алмасуларын кеңейтуге және дамытуға күш-жігер жұмсауға ұмтылыстарын көздейді. ИЫҰ-ның көптеген мемлекеттері еліміздің басты сауда әріптестері болып есептелмейді. Дегенмен, Қазақстанның жалпы тауар айналымындағы ИЫҰ-ға мүше елдермен сауда көлемінің үлесі ілгерілемелі түрде өсіп келеді. Егер 2012 жылы үлес 7,2% болса, 2016 жылғы қаңтар-қазанда ИЫҰ елдерінің үлесі – 10,2% құрады. ИЫҰ-ға мүше елдер, әсіресе Сауд Арабиясы, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар, Бахрейн сияқты араб елдерінің тобы – дамыған және дамушы әлемнің экономикалары үшін ірі инвесторлар болып саналады. Атап айтқанда, БАӘ инвестициялық қорларының ресурстары 1 трлн долларды құрайды. Аталған елдердің біздің экономикаға тікелей шетелдік инвестицияларының көлемі - 2,3 млрд доллар. Басты инвестициялық әріптес – БАЭ (1,8 млрд) мемлекеті", - дейді Тимур Сүлейменов. Оның айтуынша, Бас келісімді ратификациялау тағы да Қазақстанның ислам әлемімен инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға деген ниетін растайды. Сондай-ақ ынтымақтастықтың құқықтық өрісін кеңейтеді. "Осы кезеңде мұнай экспорттаушы елдер аталған шикізаттың экпортына негізделген даму моделін өзгертуге тырысуда. Олар ақпараттық-коммуникациялық технологияларға сүйенетін экономиканың озық секторларын қаржыландыру арқылы экономикалық жаңғырту саясатын жүргізіп жатыр. Бұл ретте Қазақстанға сарапшылар тарту, бірлескен зерттеулер жүргізу және білім беру стипендияларын алу арқылы тәжірибе және техникалық алмасуға мүмкіндік беріледі. Биыл 10-11 қыркүйекте Астана қаласында Ғылым және технологиялар жөнінде ИЫҰ-ның бірінші Саммитін өткізу жоспарланып отырғанын атап өткен жөн"- дейді министр.    

Серіктес жаңалықтары