"Заң мен Тәртіп" сервисінің жұмысы көп сұрақ туындатады – депутат

/
"Заң мен Тәртіп" сервисінің жұмысы көп сұрақ туындатады – депутат
сурет: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жолдаған депутаттық сауалында азаматтардың құқық бұзу туралы хабарлауына мүмкіндік беретін «Заң мен Тәртіп» сервисінің жұмысына қатысты бірқатар мәселені көтерді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдің тұрақтылығы мен қоғамдағы тәртіп үшін «Заң мен Тәртіп» қағидатын басым бағыт ретінде атап көрсеткен болатын.

Осы тапсырма аясында биыл маусымда Egov қосымшасында жаңа «Заң мен Тәртіп» сервисі іске қосылды. Ол арқылы әрбір азамат полицияға құқық бұзу туралы тікелей хабар бере алады. ІІМ деректеріне сүйенсек, қосымша іске қосылғаннан бері полицияға 17 мыңнан астам өтініш түскен. Шағымдардың көп бөлігі Алматыда (6000-нан астам), Астанада (4000-нан астам) және Алматы облысында (2000-ға жуық) тіркелген.

Депутаттың айтуынша, мұндай сервистер әлемдік тәжірибеде кең қолданыста. Францияда қосымша арқылы тәулік бойы полицияға жүгінуге болады, ал Австралияда 2023 жылы киберқылмыстар бойынша 600 мыңнан астам хабарлама тіркелген. Испанияда сервис 2,3 млн рет жүктелген, АҚШ пен Канадада азаматтарға полициямен анонимді чат жүргізуге мүмкіндік беріледі.

Алайда Қазақстандағы «Заң мен Тәртіп» қызметіне қатысты бірқатар сұрақ туындап отыр.

«Қосымшада жалған ақпарат бергені үшін жауапкершілік туралы ескерту бар ма? Азаматтардың берген мәліметтері қалай тексеріледі? Бұл мәселелер қоғамды алаңдатып отыр», – деді Дементьева.

Осыған байланысты депутат бірқатар ұсыныс айтты:

  1. Хабарламаларды тексерудің нақты регламентін енгізу және жалған мәлімет берген жағдайда жауапкершілік туралы ескертуді қосу;
  2. Халықаралық стандарттарға сәйкес азаматтардың аноним және дербес деректерінің қорғалуын қамтамасыз ету;
  3. Азаматтармен кері байланысты жолға қою;
  4. Сервисті «сөз тасу» емес, азаматтық жауапкершілік құралы ретінде қабылдауды қалыптастыру үшін өңірлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту.

«Азаматтар бұл қосымшаны қоғамдағы тәртіпті сақтауға атсалысудың тиімді тетігі ретінде қабылдауы тиіс. Сондықтан сервиске деген сенімді күшейтіп, оның құқықтық негіздерін нақтылау қажет», – деп түйіндеді Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары