Мәжіліс Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген архив ісі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев заң жобасында салада жылдар бойы қордаланған түйткілді мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар негізгі нормалар қарастырылғанын айтты. Солардың бірі – жалақы мәселесі.
Өздеріңіз жақсы білесіздер, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында мәдениет, архив және кітапхана қызметкерлерінің жалақысын арттыру басым міндеттердің бірі болып белгіленген. Осыған байланысты, заң жобасында жергілікті атқарушы органдардың рөлін күшейтуге бағытталған нормалар көзделген. Енді олар ауылдық жерлердегі архив саласы мамандарының лауазымдарының тізімін анықтай алады. Сол бойынша жалақыға қосымша ақы төленеді, – деді Елнұр Бейсенбаев заң жобасы бойынша жасаған қосымша баяндамасында.