«Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушылар вагондарының паркі 2030 жылға қарай толық жаңартылмақ. Бұл туралы теміржол жолаушылар тасымалы саласындағы ең маңызды әрі өзекті мәселелерге арналған брифингте айтылды. Қазіргі таңда пайдаланыстағы 2 188 вагонның орташа жасы – 16 жыл. Соңғы 10 жылда парк 50%-ға жаңартылған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Stadler компаниясымен 557 жаңа вагон жеткізуге келісім жасалды. Оның ішінде купелік, плацкарттық, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған және генераторлы вагондар бар. Барлығы кондиционерлермен, бейнебақылау жүйесімен, өртке қарсы жабдықтармен, розеткалар және USB қосқыштарымен қамтылмақ. Алғашқы партиясы 2025 жылдың соңына дейін жеткізіледі. 2030 жылға қарай парктың орташа жасы 10 жылға дейін төмендейді.
Сонымен қатар, «ЗИКСТО» АҚ-пен әріптестік жалғасуда: 2022–2025 жылдары 255 вагон мен 18 электропойыз вагоны алынды, жыл соңына дейін тағы 63 вагон жеткізіледі. Барлығы кондиционерлермен, биотуалеттермен және заманауи қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған.
2026 жылы «Алматы – Қостанай» жаңа пойызы іске қосылып, «Алматы – Петропавл» және «Алматы – Ташкент» бағыттарының жиілігі арттырылмақ.
Цифрландыру бағытындағы қадамдар
«Жолаушылар тасымалы» АҚ OneWeb және Starlink серіктестіктері арқылы пойыздарға спутниктік интернет енгізуде. Қазіргі таңда жоғары жылдамдықты Wi-Fi «Астана – Алматы», «Астана – Өскемен» және «Астана – Бурабай» бағыттарында қолжетімді. Жыл соңына дейін тағы екі бағыт қосылады. Бүгінге дейін 100 мыңнан астам жолаушы интернет қызметін пайдаланып үлгерді.
Сонымен бірге tablo.railways.kz онлайн-сервисі іске қосылды. Бұл платформада пойыздардың қозғалысы туралы жедел ақпарат қолжетімді. Мәліметтер компанияның Ситуациялық орталығына тәулік бойы 24/7 режимінде жеткізіліп тұрады.