Алматы полициясы бұрынғы әйелін кішкентай балаларының көзінше қатыгездікпен ұрған ер адамды ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде беті қанға боялған әйелдің видеосы тараған еді. Кейін ол өзін бұрынғы күйеуі соққыға жыққанын, оның артынан қалмай жүргенін айтты. Жәбірленуші полициядан өзін және балаларын қорғауды сұрағанын, бірақ нәтиже болмағанын атап өтті.
Әйелдің аяусыз соққыға жығылуы қазақстандықтардың ашу-ызасын туғызып, әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Пайдаланушылар қаскөйді қатаң жазалауды және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауды талап етті.
Полиция департаменті бұл оқиғаға түсініктеме бере отырып, ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 107-бабы «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бойынша іс қозғалғанын хабарлаған.
17 қыркүйекте Алматы полициясы күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді.
"Барлық материалдар объективті түрде қаралып, тергеу аяқталған соң қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң шаралар қабылданады", – деді ведомство.