Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 15-30 қыркүйек аралығында “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, деп хабарлайды turkystan.kz.
Осы жылдың басынан бері облыс аумағында 818 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 48 адам қаза тапты, ал мыңнан астам азамат түрлі жарақат алды.
ЖКО-ның негізгі себептері бұрынғыдай жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзумен байланысты: жылдамдықты арттыру, қарсы бағытқа шығып кету, маневр жасау ережелерін бұзу, сондай-ақ қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту талаптарын сақтамау.
Іс-шараның алғашқы күні-ақ полицейлер 300-ден астам өрескел құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде: 3 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған; 9 дерек көлік құралын жүргізу құқығы жоқ азаматтардың басқаруы; 5 жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылса да, қайтадан рөлге отырған; 56 құқық бұзушылық – телефонды пайдалану фактісі; 16 дерек – мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз немесе тіркеусіз көлік жүргізу; 37 құқық бұзушылық – жолаушылар мен жүкті тасымалдау ережелерін бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпау; 8 дерек – жаяу жүргіншіге жол бермеу; 93 құқық бұзушылық – жаяу жүргіншілер тарапынан жол ережелерін бұзу.
Облыс полициясы жүргізушілерге мына талаптарды ескертеді:
— әрдайым абай болыңыздар;
— тек жолаушылардың ғана емес, басқа жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығы үшін де жауапты екендеріңізді ұмытпаңыздар;
— маневр жасар немесе басып озар алдында қауіпсіздігіне көз жеткізіңіздер;
— шаршаған жағдайда жақын маңдағы елді мекенде немесе демалыс орнында тынығыңыздар;
— көлік жүргізу кезінде телефонға алаңдамаңыздар; — автокөліктің техникалық жағдайын үнемі тексеріңіздер.
Жаяу жүргіншілерге ескерту: жолды тек белгіленген жерден өтіңіздер және қозғалысты бастар алдында жүргізушінің тоқтағанына көз жеткізіңіздер.
Жол қозғалысы ережелерін сақтау — апаттардың алдын алып, адам өмірін сақтап қалудың кепілі!