Арзан тауарлар импорты отандық фермерлерді тығырыққа тіреді. Мемлекет тарапынан субсидияланған көрші елдердің өнімдері қазақстандық нарықты жаулап, жергілікті тауар өндірушілердің табысын күрт азайтты. «AMANAT» партиясы бұл жағдайды елдің азық-түлік қауіпсіздігіне төнген нақты қауіп деп бағалап, жүйелі шешімдер ұсынды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл мәселе «АMANAT» партиясы жанындағы Республикалық аграрлық кеңестің кеңейтілген отырысында талқыланды. Жиында аграрлық кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов жағдайдың кешенді әрі ұзақ мерзімді шараларды қажет ететінін мәлімдеді.
«Бұл жағдай ел экономикасына кері әсер етіп, азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіруде. Қысқа мерзімді шаралар тек уақытша нәтиже береді. Ең алдымен фермерлердің сенімін нығайту қажет. Егер мемлекет нақты кепілдік берсе, бизнес жаңа технологияға инвестиция салады, мал басын көбейтеді, зауыттар салады. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, ауыл тұрғындарының табысын арттырады», – деді Нұржан Әшімбетов.
Отырыста партия өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын жүзеге асыру аясында ішкі нарықты бақылаусыз импорттан қорғау және отандық өндірушілерді қолдау мәселелеріне ерекше назар аударды. Талқылауға Сауда және интеграция министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері мен салалық қауымдастықтардың басшылары қатысты.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова толық цифрландырусыз проблеманы шешу мүмкін емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, деректер базасын біріктіру және артық қағазбастылықтан бас тарту жүйені айқын әрі тиімді етеді.
«Қазір шекарадан өткен тауар туралы ақпарат бізге бірнеше күннен кейін ғана жетеді. Яғни, өнім сөреге қойылған соң барып, оның қайдан шыққанын анықтап отырмыз. Мұндай жағдайда сапасыз немесе стандартқа сай емес тауарды уақытылы тоқтату мүмкін емес. Сондықтан негізгі міндет – деректер базасын біріктіру. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың сенімін арттырады», – деді ол.
Азық-түлік өнеркәсібі салалық одақтары альянсының хатшысы Андрей Кукушкиннің айтуынша, қазақстандық кәсіпорындар қазір өндірістік қуатының тек 60 пайызын ғана пайдаланып отыр.
«Кәсіпорындардың өндірістік қуаты толық пайдаланылмай отыр, шамамен 40 пайызы бос тұр. Соның салдарынан зауыттар миллиардтаған теңгеден қағылса, нарықты импорт өнімдері жаулап алған. Сауда желілері де көбіне арзан шетелдік тауарды таңдайды, ал қазақстандық өндірушілер шетте қалып қояды. Бұдан бөлек отандық өнімнің үлесі әлі күнге дейін «көзбен шамалап» есептеледі – комиссия супермаркетке барғанда, сөреге алдын ала ең сапалы тауарлар ғана қойылады. Мұндай әдіс шынайы жағдайды көрсетпейді», – деді ол.
«Қазақстан ет одағы» төрағасы Мақсұт Бақтыбаев АӨК үшін ұзақ мерзімді стратегия қажет екенін айтты. Оның сөзінше, бизнеске алдағы 10–15 жылға тұрақтылық пен нақты бағдар керек. Ол импорт пен экспортқа талдауды жаңартып, импортты алмастыру мен экспортты дамытудың басым бағыттарын анықтауды ұсынды.
Кездесуде шекарадан заңсыз өнім кіргізу мәселесі де көтерілді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Ветеринариялық бақылау комитетінің төрағасы Қазбек Тәшімов баяндама жасады.
«Біздің талдау көрсеткендей, көп жағдайда өнім жалған транзит ретінде рәсімделеді. Құжатта Қырғызстанға жөнелтілді деп жазылады, ал шын мәнінде ол Қазақстан нарығында қалады. Мәселен, Түркістан облысында осындай жағдай болды. Ресейден әкелінген тауар Байқоңыр арқылы кіріп, кейін Қызылорда мен Түркістанға таратылды», – деді ол.
Ол бұл проблеманы шешу үшін «бағдаршам» жүйесі енгізілгенін айтты. Ендігі жүк бірнеше рет кіріп, шықпай қалса, Россельхознадзорға сертификатты уақытша тоқтату жөнінде хат жолданады.
Отырыс қорытындысында шекарадағы бақылауды толық цифрландыру, деректер базасын біріктіру ұсынылды. Бұдан бөлек сауда желілеріндегі отандық өнім үлесін арттыруға ынталандыратын тетіктер енгізу, «көлеңкелі» импортпен күресті күшейту, заңнама жетілдірілуі мәселелері талқыланды. Бұл шаралар агроөнеркәсіп кешенінің ұзақ жылдарға тұрақты әрі болжамды дамуын қамтамасыз ету тиіс.
Қорытындылай келе, Нұржан Әшімбетов барлық ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп қаралатынын, нақты шешімдер қабылданып, ол отандық өндірушілердің және елдің азық-түлік қауіпсіздігінің мүддесіне қызмет ететінін атап өтті.