Белгілі қазақстандық көз дәрігері өмірден өтті

/
Белгілі қазақстандық көз дәрігері өмірден өтті
Фото ашық дереккөзден

Қазақ КСР еңбек сіңірген дәрігері, Денсаулық сақтау үздігі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Қостанай қаласының құрметті азаматы Шыңғысхан Зейнелұлы Жүсіпов 2025 жылдың 14 қыркүйегінде 74 жасында өмірден озды., деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Шыңғысхан Зейнелұлы 1951 жылы 15 ақпанда дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын тәмамдағаннан кейін бүкіл еңбек жолын Қостанай офтальмологиялық ауруханасына арнады. 1974 жылы интерн ретінде бастап, небәрі үш жыл ішінде бас дәрігер лауазымына дейін көтерілді. 1977 жылдан бастап осы мекемені үздіксіз басқарып, 45 жылдан астам уақытын халық денсаулығына қызмет етуге арнады.

Ол – кәсіби біліктілігімен, табандылығы және адамға деген шынайы жанашырлығымен ерекшеленген дәрігер ғана емес, қазақстандық медицинаның символына айналған тұлға болды. Оның басшылығымен Қостанай офтальмологиялық ауруханасы тек облыс көлемінде ғана емес, республика деңгейінде де офтальмологиялық көмектің жетекші орталықтарының біріне айналды.

«Шыңғысхан Зейнелұлы тек білікті ұйымдастырушы емес, сонымен қатар дана тәлімгер болды. Жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, әріптестерімен шын ниетті қарым-қатынас орнатты. Науқастар оның бойынан үміт, сенім және шипа тапты. Жұмысына деген адалдығы мен адами қасиеттері оның есімін халық жүрегіне мәңгілікке жазды. Біз нағыз ұстазды, үлкен жүректі азаматты, сирек кездесетін рухты тұлғаны жоғалттық. Оның денсаулық сақтау саласына қосқан үлесін бағалау мүмкін емес. Мейірімділігі мен адамгершілігі – оның артында қалған баға жетпес мұра. Шыңғысхан Зейнелұлы туралы жарқын естелік бізбен бірге өмір сүре береді. Марқұмның туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Сіздердің қайғыларыңызға ортақпыз», – деп жазды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары