Елімізде 10 мыңнан астам адам мәйіттік донор болуға келісім берген

/
Елімізде 10 мыңнан астам адам мәйіттік донор болуға келісім берген

Қазақстанда 5 мыңға жуық адам ағза ауыстыруға мұқтаж, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы ҚР ДСМ Республикалық транспланттауды үйлестіру орталығы директорының орынбасары Назгүл Жылгелдина мәлімдеді.

Бүгінде Қазақстанда күту парағында 4500-ден астам науқас бар. Олардың ішінде, 121 бала өз кезегін күтуде. Күтуге кеткен әрбір күн, тіпті, сағаттар мен секундтар – олардың өміріне төнген үлкен қауіп. Біз туыстық донорлықты емес, мәйіттік донорлықты адамдарға түсіндіріп, ағарту жұмыстарын жүргізіп келеміз. Дегенмен көпшілік үшін қайтыс болғаннан кейінгі донорлық әлі күнге дейін ауыр тақырып, - деп атап өтті орталық басшысының орынбасары.

Айтуынша, биыл былтырғы жылға қарағанда ағза ауыстыру біршама өскен.

Егер өткен жылы елімізде 23 трансплантация жасалса, биыл олардың саны 34-ке жетті. Яғни өсім – шамамен 50 пайызды құрайды. Бір донор сегіз адамға дейін өмір сыйлай алады. Әрбір осындай жағдайдың артында үлкен команданың еңбегі тұр. Бұл – донорлық стационарлар, трансплантациялық орталықтар, жедел қызмет мамандары мен дәрігерлердің жанкешті жұмысы, - деді Назгүл Жылгелдина.

Айта кетерлігі, 18 жастан асқан кез келген қазақстандық eGov порталы арқылы өзінің мәйіттік донор болу-болмауға қатысты еркін білдіруге құқылы.

Бүгінгі күні eGov порталында азаматтардың өтініші тіркелген. Олардың ішінде 122601 адам мәйіттік донор болудан бас тартса, ал 10234 адам қайтыс болғаннан кейін ағзаларын донорлыққа алуға келісім берген. Өйткені донор болуға келіскен әрбір адам статистиканы өмірдің пайдасына өзгертеді, - деді орталық өкілі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары