Қырғыз Республикасы қазақстандық кәсіпкерге іздеу жариялады

/
Қырғыз Республикасы қазақстандық кәсіпкерге іздеу жариялады
akipress.com

Қылмыстық топты қаржыландырды деген күдікпен Қазақстан азаматы Халиков Камалутин Магомедұлы халықаралық іздеуге жарияланды. Бұл туралы Қырғызс Республикасы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу барысында қазақстандық азамат Камалутин Халиковтың қылмыстық топтың («заңдағы ұры» саналатын) Камчы Асанбектің қызметін қаржыландырғаны анықталған. Камчы Асанбек халықаралық қылмыстық ұйым – «Братский кругтың» құрамында болған.

Халиков – Қарағанды облысы Бокс федерациясының президенті, құрылыс саласында қаржылық активтері бар, бұған дейін Қазақстан аумағында ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған, сондай-ақ Қырғыз елінен Қазақстанға тауарды контрабандалық жолмен тасумен айналысқан.

«Халиков Камчы Асанбектің қылмыстық қауымдастық құрамында кәсіпкерлерден ақша бопсалау, рекет арқылы заңсыз табыс табумен айналысқанын, сондай-ақ оның «кісі өлтіру», «адам ұрлау», «қылмыстық қауымдастық (қылмыстық ұйым) құру» баптары бойынша ауыр және аса ауыр қылмыстарға бірнеше рет сотталғанын біле тұра, Қырғыз Республикасы аумағында бірлескен бизнес жобаларды жүзеге асыру үшін қолдау мен қамқорлық алу мақсатында К.Асанбекпен байланыс орнатқан.

Сонымен қатар Халиков бірнеше рет Ыстықкөл облысындағы «Барс» демалыс орталығында К.Асанбекпен кездесіп, бірге уақыт өткізген», – делінген ҰҚК хабарламасында.

Жиналған материалдардың негізінде Бішкек қаласы Октябрь аудандық сотының қаулысымен Халиковқа сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Сондай-ақ ол іздеуге жарияланды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары