«Еңбек жолы» республикалық конкурсының өңірлік кезеңінің «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған 20 маман өзі еңбек еткен жылдарда 1253 жас маманға тәлім беріп, түрлі салада өз білімдері мен тәжірибелерін табыстады.
Ең көп шәкірт тәрбиелеген тәлімгер – Алматы қаласынан Алшын Алтыбаев. Ауыл шаруашылығын механикаландыру және цифрлық трансформациялау саласында 50 жыл бойы еңбек етіп, 500-ден астам жаңа қызметкерді оқытқан. Оның кәсіби біліктілігі мен абыройы кәсіпорында жоғары бағаланады.
Қостанай облысынан электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі 5-разрядты электромонтер Ришат Фастхутдинов пен Қызылорда облысынан күріш өсіру бригадасының жетекшісі Гүлсім Дарибаева 100-ден астам маманға білім берді.
Абай облысынан Нұрлан Байбутинов, Ақтөбе облысынан Айдын Қайырбеков және Қарағанды облысынан Ерлан Сыздықов тау-кен және металлургия саласында кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, тәлімгерлік жылдарында олар барлығы 73 жаңа маманды дайындады.
Білім беру саласында Алматы облысынан Жанат Керімбаев, Жамбыл облысынан Ұлмекен Ибраева және Жетісу облысынан Раушан Зайтбекова 98 маманға тәлімгерлік жасады.
Батыс Қазақстан облысынан Қоблан Метекесов пен Ұлытау облысынан Дулат Құрманбеков телекоммуникация саласында 32 маманды оқытып шығарды.
Өнеркәсіп саласында Павлодар облысынан Жексен Ажманов, Солтүстік Қазақстан облысынан Асылтас Қабошева, Шымкент қаласынан Александр Черных өздерінің кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, 70 қызметкерді оқытты.
Энергетика саласында Шығыс Қазақстан облысынан Андрей Лисицын мен Астана қаласынан Дисембай Шайкенов 55 маманды оқытып, жұмысқа бейімдеді.
Сонымен қатар, HR саласында Ақмола облысынан Несібелді Жүсіпова, Маңғыстау облысынан Алексей Савин және Атырау облысынан Мейрамгүл Жолаева 104 маманмен тәжірибе бөлісті.
Еске сала кетейік, «Еңбек жолы» байқауы өнімді еңбекті ынталандыруға, жастар арасында жұмысшы кәсіптерін насихаттауға және еңбек әулеттерінің көпжылдық дәстүрлерін нығайтуға бағытталған.
Байқау жыл сайын екі кезеңде – өңірлік және республикалық деңгейде үш номинация бойынша өткізіледі: «Үздік еңбек әулеттері» – ең көп мүшесі бар, ең ұзақ жалпы еңбек өтіліне ие, марапаттары ең көп еңбек әулеті таңдалады; «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» – байқауға құжат тапсырған сәтте кемінде 20 жыл жұмыс өтілі бар, ең мықты деген тәлімгерлер іріктеледі; «Өндірістің үздік жас қызметкері» – еңбек өтілі 5 жылдан аспайтын, өндірісте белсенді және еңбекқор жас маман таңдалады.
Байқаудың өңірлік кезеңі биылғы жылдың шілде айында аяқталды. Биыл жергілікті атқарушы органдардан байқауға қатысу үшін республикалық маңызы бар 3 қала мен 17 облыстан барлығы 505 өтінім қабылданды. Үш номинацияның әрқайсысы бойынша 60 жеңімпаз анықталып, олар республикалық кезеңде өз өңірлерінің намысын қорғайды.
Байқау жеңімпаздарын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы республикалық комиссия анықтайды. Комиссия құрамына ведомство өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, әлеуметтік әріптестер, «Қазақстанның ет-сүт одағы» ЗТБ және Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының өкілдері кіреді.
«Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты Жұмысшы кәсіптер жылының жабылуына арналған іс-шара аясында биылғы желтоқсан айында өткізіледі.