Жетісу облысында "Учаске" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері прокуратурамен бірлесіп, ұзақ уақыт бойы ірі қара мал ұрлығымен айналысып келген қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жедел-тергеу іс-шаралары барысында қаскөйлердің бір шаруа қожалығының аумағынан 43 бас ірі қара мал ұрлағаны анықталды.
Үш ер адам қараусыз қалған үйде ұсталды. Тәртіп сақшылары сол жерден 28 бас малды, 15 малдың сойылған және бөлшектелген бөліктерін, сондай-ақ 6 пышақ пен 3 кесінді арқанды тапты. Бұл заттардың бәрі қылмыстық әрекетте қолданылған.
Ұсталған үш адам қамауға алынды. Тағы үш күдіктіге қатысты жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.
Өңірде "Учаске" іс-шарасы жалғасуда. Оның басты мақсаты - қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру, азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін нығайту және құқықбұзушылықтардың алдын алу.