Шымкентте ұшаққа отырғызу кезінде мүгедек арбадағы әйелді ертіп жүрген жолаушы FlyArystan әуе компаниясының бортсеріктерімен жанжал шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Желіде оқиға орнынан видео тарады.
FlyArystan баспасөз қызметінің хабарлауынша, 5 қыркүйекте екі әйел Шымкент – Астана бағытындағы FS7310 рейсіне кешіккен. Олар тіркеу 01:35-те аяқталса да, тіркеу орнына 01:59-да келген. Дегенмен, жерүсті қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі жолаушы мен оның жолдасына көмек көрсетіп, қол жүгін мен таяғын тасуға жәрдемдескен, оларды отырғызу қақпасына дейін жеткізіп, бортқа өтуге рұқсат берген.
«Алайда, жолаушыны ертіп жүрген әйел әуе компаниясы қызметкерлерін бірнеше рет балағаттап, деструктивті мінез-құлық танытқан. Ол ұшақ қасында да даусын көтеріп, қызметкерлерге телефон арқылы қоңырау шалуды жалғастырған», – деп атап өтті компания.
Кешігуі мен орынсыз әрекеттеріне қарамастан, жолаушыларды олардың жасын және мүмкіндігі шектеулі адамның ерекше қажеттіліктерін ескере отырып, бортқа жіберу туралы шешім қабылданған.
«Алайда соған қарамастан, еріп жүрген жолаушы орынсыз қылықтарын жалғастырып, кейін сабырға келіп, ұшаққа кірді. Нәтижесінде екі жолаушы да осы рейспен ұшты», – делінген әуе компаниясының хабарламасында.