Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы Мемлекет басшысының бүгін ел халқына жолдаған Жолдауы жаңа саяси кезеңнің басталуына түрткі болғанын айтады.
"Президент өз Жолдауында халқымыздың көкейінде жүрген ең өзекті сауалдарға нақты жауап беріп, Қазақстанның даму жолына тың серпін беретін бағыт-бағдарды айқындап берді.
Ел тізгінін ұстаған тұлға ретінде ол заманауи үрдістерді ескере отырып, цифрлық технология мен жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажеттігін баса айтты. Инвестициялар мен инфрақұрылымнан бастап, ауыл шаруашылығы мен экологияға дейін барлық салада цифрлық шешімдер мен озық технологиялар негізгі құралға айналуы тиіс екені айтылды.
Барлық мемлекеттік органдар мен қоғам жаңашылдыққа бет бұрып, күнделікті өмірде ашылып жатқан жаңа мүмкіндіктерді толыққанды пайдалануы тиіс. Бұл реформаларды бірнеше есе жеделдетіп, олардың сапасын арттыратын шешуші фактор. Ең бастысы ашықтық пен әділеттілік орнығады. Қоғаммен кең әрі шынайы диалог қалыптасып, әр азамат ел тағдырындағы өзгерістерге белсене қатыса алатын болады. Осы жолда елімізде жаңа құрылым жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылмақ. Оған жаңадан тағайындалатын Вице-премьер жетекшілік етеді", – дейді депутат.
Болатбек Нәжметдинұлы Жолдауда тағы бір маңызды басымдық кәсіпкерлікті қорғау мәселесі ерекше атап өтілгенін атап өтті.
"Енді барлық министрлік, әкімдік, ұлттық компания мен өңірлік құрылым кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға жұмылдырылмақ. Келешекте олардың жұмысы дәл осы бағыт бойынша бағаланатын болады. Бұдан бөлек, бизнесті мемлекеттік қолдау тетіктеріне қатысты барлық заңнама мен саясат толықтай қайта қаралатын болады. Сонымен қатар, Бас прокуратура жанынан инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі арнайы комитет құрылады. Бұл шаралар, ең алдымен, отандық кәсіпкерлердің шетелдік компаниялармен тең жағдайда бәсекелесуіне мүмкіндік береді. Мұндай бастамалар жөнінде еліміздің бизнес өкілдері менімен жазғы кездесулер барысында бірнеше рет мәселе көтерген болатын. Президент бұл үндеулерді ескерді", – дейді Болатбек Нәжметдинұлы.
Депутаттың айтуынша, бүгін Президенттің бір палаталы парламент құру туралы ұсынысы – жұрт үшін күтпеген жаңалық. Бұл – саяси жүйені жаңғырту мен елдегі партиялық институттарды дамыту жолындағы маңызды әрі батыл қадам.
"Мұнда белгілі бір саяси қисын бар: егер адамда саяси амбиция, ел игілігі үшін өзгеріс енгізуге деген шынайы ниет болса – алдымен қала немесе облыс мәслихатына бір мандатты округ арқылы өтіп, нақты тәжірибе жинақтауы қажет. Ал Мәжіліске партияластарының қолдауына ие болып, жүйелі ұсыныстарымен келуі тиіс. Бұл қадам бір жағынан популистік көзқарастарға тосқауыл қойса, екінші жағынан елдегі саяси бәсекелестікті жүйелеуге жол ашады. Ел дамуы үшін қажетті маңызды заңдардың қабылдау үдерісінің жеделдеуі ерекше маңызға ие.
Сонымен бірге, бүгін Мемлекет басшысы қабылдаған шешімі арқылы орта мерзімді электоралдық күнтізбені нақтылады. Сайлау 2027 жылдан ерте өткізілмейді, бұл өз кезегінде барлық мүдделі қоғамдық-саяси субъектілерге оған дайындалуға толық мүмкіндік береді. Барлығы ашық және әділ, күтпеген жағдайлар жоқ.
Жалпы алғанда, бүгінгі Жолдау Президенттің өз халқын терең түсінетінін және елдің өзекті саяси мәселелеріне жауап бере алатын нақты бағдар ұсынатынын тағы бір мәрте көрсетті. Бұл – қоғамды біріктірудің және ел дамуын ілгерілетудің маңызды факторы", – дейді депутат сөз соңында.