Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев Президенттің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдаудың айрықша маңызын атап өтті.
"Мемлекет басшысы: «Қазір дүние жүзі жаңа тарихи дәуірге қадам басты. Алпауыт елдер мен халықаралық одақтар арасындағы қарама-қайшылықтардың ауқымы өсіп барады. Қақтығыстар мен соғыстар белең алды. Әлем экономикасында теңсіздіктер мен қайшылықтар ушыға түсті. Кейбір мемлекеттер экономикалық дамуда артта қалып, кейбір елдер жасанды интеллект саласында теңдессіз табысқа жетуде.
Экологиялық және техногендік апаттардың кесірінен түрлі елдердің экономикасы орасан шығынға батуда.
Батыстағы этносаралық-дінаралық үйлесім мен мәдени әралуандық тұжырымдамасы дағдарысқа ұшырады.
Босқындардың саны көбейіп, көші-қон дағдарысы туындады. Адам саудасы, қару-жарақ пен есірткі саудасы да өршіп тұр.
Бұрын-соңды болмаған мүлде жаңа сын-қатерлер күллі адамзаттың қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде. Тіпті жасанды интеллектіні пайдаланып, аса қауіпті қару жасайтындар пайда болды.
Әлемде жаңа геосаяси тәртіп орныға бастады», – деп, әлемдегі болып жатқан жағдайларға тоқталды.
Шынымен-ақ, бүгінгі таңда ғылымның негізін құрайтын цифрлы контент, виртуалды әлем, кванттық механика, ядролық физика, атом энергиясы, үлкен деректің, заттар интернетінің, киберфизикалық жүйелердің, блокчейн технологияларының, жасанды интелект пен бұлттық системалардың маңызы арта түсті. Өркениетті мемлекеттер ауқымды ақпараттық технологияларға, супер компьютерлерге негізделген «Білім экономикасына» бағыт алып, инновациялық серпіліс жасауда.
Осыған орай, экономиканы цифрлық контент пен жасанды интелект арқылы әртараптандыру, нақты экономикада табыс табу көзі, бәсекеге қабілетті болудың, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің алғы шарты. Жолдау – мемлекетіміздің өркендеуінің негізгі векторы", – дейді Сенат депутаты.