Қостанайда ТЖМ құтқарушылары түтін басқан пәтерден анасы мен оның екі баласын алып шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға 9-шы шағын аудандағы көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінде болды. Алтыншы қабатта ас үй бөлмесінде плитадағы май жанып, от жиһазға тараған, салдарынан пәтерді толығымен қалың түтін басты.
Ведомство мәліметінше, қорқып қалған әйел балаларымен бірге бөлмеге кіріп, есікті жауып, өз бетінше қайтадан есікті ашып, шыға алмады. Көмекке келген ТЖМ қызметкерлері есікті сындырып құтқару капюшондарын пайдалана отырып, пәтерден үш адамды, оның ішінде екі баланы шығарды.
«Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері құтқарылғандарды далада күтіп алып, оларды дәрігерлерге тексеруге тапсырды. Медициналық көмек қажет болған жоқ. Зардап шеккендер жоқ», — делінген хабарламада.