Қазақстанда темекіге сұраныс төмендеп жатыр

/
Қазақстанда темекіге сұраныс төмендеп жатыр
istockphoto.com

Қазақстанда темекіге деген қызығушылық азайып, керісінше қыздырылатын темекі өнімдері мен кальян тұтыну қарқынды өсіп келеді, деп хабарлайды turkystan.kz «Таңба» тауарларды таңбалау және қадағалаудың Бірыңғай операторына сілтеме жасап.

«Таңбаның» деректеріне сәйкес, 2025 жылдың сегіз айында стик импорттау және өндіру көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 69%-ға өскен – 48,5 млн-нан 82 млн қорапқа дейін.

Сондай-ақ кальян темекісін тұтыну артты: егер 2024 жылы 766 мың қорап әкелініп, өндірілсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1,7 млн-ға жеткен.

Сонымен қатар темекі өндірісі мен импорты азаюда. 2021–2023 жылдары Қазақстанда жылына шамамен 1 млрд қорап өндіріліп, әкелінсе, 2024 жылы бұл көлем 844 млн-ға түсті. Биыл 626 млн қорап таңбаланған, оның ішінде 581 млн-ы ел ішінде өндірілген. Негізгі жеткізушілер – Өзбекстан, Ресей және Германия.

«Цифрлық таңбалау темекі өнімдерінің өндірушіден түпкілікті тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Әрбір азамат тауардың түпнұсқалығын тексеріп, оның заңды екеніне көз жеткізе алады», – деп атап өтті «Таңба» жүйесінде.

Стик нарығында отандық өндірістің үлесі әзірге жартысынан аз, ал импорттаушылар арасында Өзбекстан, Индонезия және Польша көш бастап тұр. Кальян темекісі сегментінде шетелдік өнімдер басым: 69%-ы шетелден жеткізіледі, негізінен Ресейден.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары