Жас жұбайлар Қытайдан Астанаға атпен келе жатыр (ВИДЕО)

/
Жас жұбайлар Қытайдан Астанаға атпен келе жатыр (ВИДЕО)
Фото: Қуатбек Түсіпханұлының жеке мұрағатынан

Қытай Халық Республикасының Тарбағатай аймағынан жолға шығып, Қазақстанның елордасы – Астанаға дейін атпен жетуді мақсат еткен Қуатбек Түсіпханұлы мен Жайна Еркінқызы ұзақ сапарын жалғастыруда, деп хабарлайды turkystan.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

Тарбағатай аймағына қарасты Сауан ауданынан 8 тамыз күні жолға шыққан жас жұбайлар бір айға жуық уақытта мың шақырымнан астам жолды артқа тастады. 

Қос саяхатшы ұлттық киімдерін киіп, тарихи көш жолдарын қайта жаңғыртып, бабалардың ат үстіндегі өмір салтын бүгінгі күнмен сабақтастыруды мұрат еткен. Олардың айтуынша, бұл жоба – тек спорттық немесе мәдени сапар ғана емес, екі ел арасындағы достық байланыстарды нығайтуға бағытталған символдық шара.

– Біздің басты мақсатымыз – ел көріп, жер көріп, саяхаттау арқылы ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді нәсихаттау, ат жалында өскен қазақтың мықтылығын, көшпенділердің сән-салтанатын таныстыру. Ұлан байтақ даланы ат тұяғымен дүбірлеткен батыр бабаларымыздың рухын сезініп, бүгінгі жастарға, төзімділік пен ерліктің үлгісін көрсеткіміз келеді. Сонымен бірге Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға аз да болса үлесімізді қосуды мақсат тұттық, - дейді Қуатбек Түсіпханұлы. 

Аттылар Қорғас шекарасы арқылы өтіп, Жаркент қаласын басып, Алматыны бетке алып келеді. Әзірге Алматыға 100 шақырымдай жол бар. Саяхатшылар одан әрі Сарыарқаның сайын даласын басып өтіп, Астанаға жетуді жоспарлап отыр. Сапардың жалпы аралығы 2 500 шақырымынан асады. 


– Шекара талаптарына сай, Қорғасқа дейін мініп келген аттарымызды сол жерге қалдырып, бергі беттен екі ат сатып алдық. Жол бойы тұрғындар ерекше ықыласпен қарсы алып, ас-суларын беріп, көмек қолын созып жатыр. «Жол азабын жүрген білер» демекші алыс жолды атпен жүру оңай емес, Десе де кездескен адамдардың және әлеуметтік желідегі жұрттың қолдауы бәрін ұмыттырып жібереді. Жолдағы әсем табиғатты, көрікті жерлерді, көрген-білгенімізді түсіріп, әлеуметтік желіге жариялап келеміз. Қазір күніне 50 шақырымға жуық жолды артқа тастаймыз. Осы есеппен Астанаға жету үшін әлі 1 ай ат үстінде боламыз, - дейді саяхатшылар.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары