Абай облысында оқушы бақша суаратын робот ойлап тапты

/
Абай облысында оқушы бақша суаратын робот ойлап тапты
Фото: Абай облысының әкімдігі

Абай облысының Жарма ауданында Георгиевка орта мектебінің 9-сынып оқушысы ауыл шаруашылығына арналған ерекше құрылғы жасап шықты.

Өңір әкімдігінің мәліметінше Ералы Қыстаубай топырақтың ылғалдылығын анықтап, автоматты түрде су жіберетін робот құрастырған.

Құрылғы күн энергиясынан жұмыс істейді. Оның құрамына сорғы, қозғалтқыш, дөңгелек, аккумулятор мен басқару жүйесі кіреді.

«Жас өнертапқыш ауыл шаруашылығында суды үнемдеуді басты мақсат еткен. Ералының айтуынша, робот суды үнемдеуге, өнімділікті арттыруға және адам еңбегін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Оны жылыжайда, егістікте немесе бақшада қолдануға болады», - деп жазылған хабарламада.

Жоба барысында ол сенсорлардың жұмысын меңгеріп, суарудың тиімді алгоритмін құрастырды, роботтың сызбасы мен 3D моделін дайындады, микроконтроллерді бағдарламалап, құрылғыны құрастырды. Жылыжай мен мектеп ауласында сынақтардан да өткізіп көрген.

«Мақсатым – табиғатты қорғау және ауыл шаруашылығын заманауи технологиямен дамыту. Болашақта мұндай роботты фермерлерге ұсынсам деймін», — дейді оқушы.

Жас өнертапқыш болашақта құрылғысында ЖИ элементтерін дамытпақшы, сондай-ақ ауыл шаруашылығына енгізбек ойы бар. Жетекшісі — информатика пәні мұғалімі Жанар Шаймұратова.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары