Астаналық NIS-тің 11-сынып оқушысы Батырхан Мұхтархан Грекияда өткен халықаралық экономика олимпиадасында (EO-2025) абсолютті чемпион атанды, деп хабарлайды оқу-ағарту министрлігі.
EO-2025 олимпиадасына әлемнің түкпір-түкпірінен ұлттық іріктеуден өткен 100 мыңнан астам үміткер қатысты. Финалда 28 елден келген 128 мықты оқушы бақ сынады. Олар экономика мен қаржы саласындағы ең күрделі теориялық және практикалық тапсырмаларды – нақты жағдайларды талдаудан бастап шешімдерді модельдеуге дейін орындады.
Батырхан жалпы есепте бірінші орынды сенімді түрде иеленіп, АҚШ, Канада, Қытай, Нидерланды, Польша, Чехия, Грекия және басқа да елдердің қарсыластарын артта қалдырды.
"Мен үшін ең бастысы – жаңа нәрсені үйрену, күрделі тапсырмаларды шешу және өзімді дамыту. Өз жетістіктеріммен замандастарымды шабыттандырғым келеді", – дейді Батырхан.
Айта кетейік, Батырханның қоржынында бірқатар жетістік бар: экономика және қаржы бойынша республикалық олимпиаданың қола жүлдесі, экономикадан халықаралық олимпиаданың (IEO-2024, Гонконг) қола жүлдесі, IEO-2025 (Әзербайжан) алтын жүлдесі, EFI олимпиадасындағы жеңіс (Нархоз, Қазақстан). Кезекті жеңісі - EO-2025 абсолютті алтыны.