Күз келісімен күн қысқарып, ауа райы салқындап, адамдардың көңіл күйінде өзгерістер байқалатыны анық. Біреулер жалқаулыққа берілсе, ендібірі себепсіз шаршағыш, ашушаң кетеді. Бұл құбылысты мамандар «күзгі апатия» деп атайды. Психолог практик Іңкәр Төлегенова Jibek joly телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат беріп, күзгі көңілсіздіктің себептері, белгілері және оны жеңу жолдары туралы айтып берді.
Маманның сөзінше, «апатия» сөзі грек тілінен «сезімсіздік, құштарлықтың болмауы» деп аударылады. Ежелгі философтар оны артық эмоциялардан арылып, рухани тыныштыққа жету кезеңі ретінде ғана сипаттаған. Ал, қазіргі медицинада бұл сөз жағымсыз сипатқа ие болған. 1980 жылдары америкалық психиатр Норман Розенталь маусымдық климаттың өзгерісіне байланысты адамдарда энергияның төмендеп, өмірге қызығушылықтың азаюын зерттеп, «күзгі апатия» ұғымын енгізген.
Сондай-ақ психолог күзгі апатия – маусымдық құбылыс екенін, ол әдетте бір аптадан үш аптаға дейін созылатынын атап өтті. Бұл кезде адамның тәбеті төмендеп, ұйқысы бұзылып, жұмысқа немесе оқуға деген қызығушылығы азаяды.
– Апатия мен депрессияны шатастыруға болмайды. Апатия маусымдық өзгерістерге байланысты болса, депрессия көбіне адамның ішкі жарақаттарынан туындайды, - дейді психолог.
Оның сөзінше, күзгі көңілсіздіктің негізгі себебі – күннің қысқарып, түннің ұзаруы, биологиялық ырғақтың өзгеруі. Бұған қоса, жазғы демалыстан кейінгі жұмысқа бейімделу кезеңі де адам психологиясына әсер етеді.
Психолог апатиядан шығудың бірнеше жолын атады:
• адамға демалысқа уақыт бөлу қажет;
• позитивті ойлауды дағдыға айналдыру керек;
• спортпен шұғылданып, күн сәулесін көбірек қабылдаған жөн;
• дұрыс тамақтану мен дәрумендерді қолдану маңызды;
• жақындармен қарым-қатынасты үзбеу қажет.
– Көпшілік күзді көңілсіздікпен байланыстырады және күн қысқарып, ауа райы суытып, айнала балшыққа толады деген секілді негатив тұстарын ғана көреді. Бірақ бұл мезгіл молшылықтың, табыстың және жаңа мүмкіндіктердің кезеңі. Күзге деген көзқарасты өзгертсек, апатияның да әсері азаяды, - дейді маман.
Егер көңілсіздік үш аптадан ұзаққа созылса, психолог мамандарға жүгінуге кеңес береді.