Өзіңіздің кім екеніңізді дәлелдейтін құжаттарды ұрлатып немесе жоғалтып алдыңыз делік. Мұндайда не істеу керек? Сұрағымызға Қызылорда қалалық №1 халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Динара Қазанғапова жауап берді, деп хабарлайды kazinform.
Оның айтуынша, адам жеке басын куәландыратын құжатты жоғалтып алған жағдайда бірден жақын маңдағы халыққа қызмет көрсету орталығына баруы керек. Ал егер ұрлатып алған болса, әуелі полицияға жүгініп, соны растайтын талон-хабарландыру алады.
– ХҚКО-да құжатты жоғалтқаныңызды, мемлекеттік баж салығын төлегеніңізді көрсетіп, өтініш жазасыз. Бірінші рет қалпына келтіру үшін 0,2 АЕК, екінші мәрте қайталанса, 1 АЕК төлейсіз. Құжатты рәсімдеу үшін қолыңызда қалған құжаттар жеткілікті. Ол 15 жұмыс күні ішінде дайын болады. Егер асығыс десеңіз, шұғыл қызмет түрін пайдалана аласыз, - деді Динара Қазанғапова.
ХҚКО қызметкерлері жеке басын куәландыратын құжатсыз бір айдан астам уақыт жүрген адамға 7 АЕК көлемінде айыппұл салынатынын ескертті.
Жоғалған паспортты да дәл осылай қалпына келтіресіз. Ол үшін өтініш бересіз. Ал ұрлатып алсаңыз, полициядан талон-хабарлама, жеке басыңызды куәландыратын немесе уақытша құжат керек. Сондай-ақ мемлекеттік баж салығын төлейсіз.
Оның құны паспорттың түріне байланысты: 36 беттен тұратыны үшін 8 АЕК, 16 жасқа толмаған балаларға арналған 24 беттік үшін соның жартысын төлейсіз.
Паспорт 15 жұмыс күні ішінде қолыңызға тиеді және одан ерте алудың жолы қарастырылған.
Егер жеке басыңызды куәландыратын құжатты қоса жоғалтқан болсаңыз, уақыт үнемдеу үшін екеуін бірге рәсімдеген дұрыс.
– Диплом, аттестат немесе білім алғаныңызды айғақтайтын өзге де құжаттарды қалпына келтіру цифрлы қызметтің арқасында едәуір жеңілдеді. eGov порталы немесе eGov Mobile қосымшасында электронды цифрлы қолтаңба қою немесе биометрия арқылы электронды ұсыныс бере аласыз. Ол үшін оқу орны туралы мәліметті көрсетесіз, небәрі 15 жұмыс күні аралығында телнұсқа дайын. Қажет болса, жеке басыңызды куәландыратын құжат немесе туу туралы куәлікті, сондай-ақ оқу орнына қатысты мәліметті алып, біздің орталыққа келесіз. Егер оқыған жеріңіз жабылып қалған болса, архивтен сұратамыз. Бірақ ол кезде телнұсқаны 30 жұмыс күні шамасында күтесіз, - дейді орталық басшысы.
ХҚКО қызметкерлері алдымен жеке басын куәландыратын құжатты қалпына келтіруге кеңес береді. Өйткені басқа процедура кезінде соны сұрайды. Құжаттың жоғалғанын полиция немесе ХҚКО-да тіркету керек. Бұл сіз туралы деректі заңсыз пайдалану мүмкіндігін төмендетеді.