Алматы облысы Талғар ауданы Қызыл қайрат ауылында ер адамды өлтіріп, кішкентай қызды ұрлап кетті, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
Ер адамды өлтіру және кәмелетке толмаған баланы ұрлау фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.
"Тергеу мәліметтері бойынша, күдікті мен жәбірленуші бұрын жақын қарым-қатынаста болған. Олардың арасында жанжал туындап, күдікті жәбірленушінің ағасына оқ атқан. Оқ тиген адам қайтыс болды", - дейді ведомство.
Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті кішкентай баланы ұрлап, қашып кеткен.
"Күдіктінің кім екені және оның орналасқан жері анықталды. Оны ұстау бойынша шаралар қабылдануда", - дейді полиция.
Қазір тергеу жүріп жатыр
Артынша полиция күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынғанын хабарлады.
Ұрланған бала табылды, оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ, дейді полициядағылар.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.