Қызылорда облысындағы экологиялық мәселелерді шешу – Мәжіліс депутаттарының бақылауында

/
Қызылорда облысындағы экологиялық мәселелерді шешу – Мәжіліс депутаттарының бақылауында
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

5 қыркүйек, Қызылорда облысы. Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті Еділ Жаңбыршиннің төрағалығымен Қызылорда облысында экология мәселелері бойынша көшпелі отырыс өткізді.

Өңірде Мәжіліс депутаттарының халықпен кездесулері қорытындысы бойынша бірқатар өткір экологиялық мәселе анықталды. Олардың көпшілігі ондаған жылдар бойы қордаланып келген. Осылардың шешімін табу мақсатымен Қызылорда облысында өңір басшылығының, өнеркәсіптік кәсіпорындар жетекшілерінің, халықаралық сарапшылар мен шетелдік инвестор компаниялардың өкілдерінің қатысуымен көшпелі кеңес өтті.

Отырыста сөз сөйлеген Еділ Жаңбыршин аймақта жедел әрекетті талап ететін көптеген экологиялық мәселе қордаланғанын атап өтті. Негізгілерінің бірі – Арал өңіріне қатысты. Комитет төрағасының айтуынша, Арал теңізінің құрғаған табанын көгалдандыру мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Жыл соңына дейін 1,1 млн гектар аумаққа сексеуіл егу жұмыстары аяқталуы тиіс. Сонымен қатар депутаттың пікірінше, су ресурстары мен қоршаған ортаның ластануы жергілікті билік деңгейінде де, республикалық заңнама аясында да жүйелі шешімдерді қажет етеді. 

– Мемлекет басшысы бүкіл ел алдына экология саласында ауқымды міндеттер қойды. Бұл – Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі, сондай-ақ қоғамның барлығын табиғатты қорғау идеясын айналасына топтастыратын «Таза Қазақстан» бастамасы. Осы бағыттарды іске асыру депутаттардан, Үкіметтен, жергілікті атқарушы биліктен, бизнестен және әрбір қазақстандықтан нақты іс-қимылды талап етеді. Ал бүгінде өңірде нені байқап отырмыз? Қызылордадағы кәріз-тазарту құрылыстарының салынуы созылып кетті. 2019 жылы бекітілген жоба екі есе қымбаттап, есеп бойынша оның құны 5,1 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ өңдеу қуаттарының жеткіліксіздігі де алаңдаушылық туғызуда. Облыста өндірістік сарқынды суларды, қоқысты қайта өңдеу және пайдалану кәсіпорындарының тапшылығы сезілуде, – деді Еділ Жаңбыршин.
Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері мәселесі де шешімді талап етеді. Өңірде қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 145 полигон жұмыс істейді, олардың тек жетеуі ғана рұқсат құжаттарына ие және экологиялық талаптарға сәйкес келеді. Тағы бір өзекті мәселе – топырақтың күл үйінділерімен ластануы. Бұрынғы ЖЭО-6 күл үйінділерімен ластанған жерлерді рекультивациялау мәселесі әлі күнге дейін шешілген жоқ. Осы мәселелер бойынша өңір тұрғындары тұрақты түрде депутаттарға жүгінеді. Осыған байланысты қалдықтарды қайта өңдеу, суды тазарту және басқа да экологиялық тәжірибелері бар шетелдік сарапшылар мен компаниялардың қатысуымен көшпелі кеңес өткізу туралы шешім қабылданды. Қоршаған ортаны сақтауды қамтамасыз ететін және өңір экономикасына жұмыс істейтін жаңа заманауи қалдықсыз өндірістерді іске қосу қажет.

Өз кезегінде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қытай Халық Республикасы өңірдің ең ірі сауда серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Бүгінде ҚХР-дың жетекші компанияларының қатысуымен 61 инвестициялық жобаны, соның ішінде медициналық өнімдер шығаратын өндіріс орнын іске асыру мүмкіндіктері қарастырылуда. Сондай-ақ, оның айтуынша, Қызылорданың құрылыс саласындағы инвестициялық әлеуетін ескере отырып, ламинат өндіруге де қызығушылық бар. Барлық жобалар қоршаған ортаға әсерді барынша азайтатын ең заманауи технологияларды ескере отырып жоспарлануда.

Атап айтқанда, табиғатты қорғау және су дайындау саласындағы қытайлық компаниялардың өкілдері қоршаған ортаны қалпына келтіру, суды тазарту, өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу және қайталама ресурстардан құрылыс материалдарын өндіру бойынша заманауи технологияларын таныстырды. Олар Қазақстан кәсіпорындарында инновациялық шешімдерді енгізуге, соның ішінде қолданыстағы өндірістерді жаңғырту және экологиялық таза технологияларға негізделген жаңа қуаттарды құру жобаларын жүзеге асыруға дайын екендіктерін айтты. Кеңес барысында экологиялық заңнаманың жекелеген нормаларын іске асыру мәселелері де талқыланып, оны одан әрі жетілдіруге қатысты ұсыныстар әзірленді.

Қорытындысында Еділ Жаңбыршин облыс әкімі, жауапты мемлекеттік органдардың қатысуымен және жеке бизнес пен инвесторларды белсенді тарту арқылы тиімді шараларды шұғыл әзірлеу қажеттігін атап өтті. Талқылау барысында Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті көтерілген барлық мәселенің шешілуін бақылауға алатын болады. Сонымен қатар көшпелі кеңес аясында депутаттар өнеркәсіп нысандарын, «Өндіріс» индустриялық аймағын, тазарту құрылыстарын аралап, бу-газ қондырғысы негізінде салынып жатқан электр станциясының құрылысымен танысты.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары