Декерттік жәрдемақы алу үшін жалған құжат рәсімдегендер сотталды

/
Декерттік жәрдемақы алу үшін жалған құжат рәсімдегендер сотталды
istockphoto

Жүктілік пен босану кезінде берілетін әлеуметтік төлемдерді заңсыз тағайындағандар анықталды, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.

Агенттік 2024–2025 жылдар аралығында 1,2 млрд теңге залал келтірген 13 сотқа дейінгі тергеу жүргізді.

"Жүктілік және босану бойынша жәрдемақыларды заңсыз тағайындау деректері бойынша 10 іс тергеліп, олардың заңсыз схемаларды ұйымдастырған 15 адам жауапқа тартылды", - делінген агенттік хабарламасында.

Жалған жұмыспен қамту арқылы 385 жүкті әйелге шындыққа сай келмейтін мәліметтер негізінде жәрдемақы тағайындалып, бұл мемлекетке 1 млрд теңгеден астам шығын келтірді.

"Ақтөбе облысында Үмірбекова мен Баймұрзаева 70 жүкті әйелді 29 жеке кәсіпкерлікке жалған түрде жұмысқа орналастырып, 487 млн теңге бюджет қаржысын жымқырғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды", - дейді агенттіктегілер.

Шымкент қаласында Дүйсенова осыған ұқсас қылмыс жасап, мемлекетке 98 млн теңге залал келтіргені үшін 5 жылға сотталды.

Анықталған барлық істе қылмыстың жасалу тәсілі бірдей болған.

"Қаскүнемдер жүкті әйелдерді арнайы құрылған жеке кәсіпкерліктерге жалған жұмысқа орналастырып, өткен күнмен ең жоғары әлеуметтік және зейнетақы аударымдарын рәсімдеген", - деп атап өтті қаржы мониторинг агенттігі.

Атаулы әлеуметтік көмекке бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша да 15 жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің лауазымды тұлғаларына қатысты 3 сотқа дейінгі тергеу басталды.

Ұрлау схемасы бас бухгалтердің сенімді тұлғаларды әлеуметтік көмек алушылар тізіміне енгізуінен тұрған. Бұл адамдар әлеуметтік осал топқа жатпаған.

Осы деректер негізінде төлем тапсырмалары рәсімделіп, басшылықпен бекітілгеннен кейін қаражат жалған тұлғалардың шоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылып, сыбайластар арасында бөлінген.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары