ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов АҚШ Сауда палатасының аға вице-президенті Хуршид Чокси бастаған АҚШ-тың сауда миссиясының өкілдерімен кездесті.
Тараптар Қазақстандағы инвестициялық жобаларды іске асыру, екіжақты экономикалық байланыстарды кеңейту және америкалық бизнестің қатысуымен жаңа кооперациялық тізбектерді қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Делегация құрамына «Apple», «Boeing», «Chevron», «ExxonMobil», «Shell, Bechtel», «Honeywell», «Mastercard», «The Coca-Cola Company», «PepsiCo», «Meta», «Ericsson», «John Deere» (Eurasia Group), «Plug and Play Tech Center», «Mayer Brown» және басқа да 25 америкалық компания кірді.
Ғ.Оспанқұлов АҚШ-тың Қазақстандағы негізгі инвестициялық серіктес болып қала беретінін атап өтті: елде 600-ден астам америкалық компания табысты жұмыс істеп жатыр, ал АҚШ-тың жинақталған инвестициялары 60 млрд АҚШ доллардан асады. Бұл жаңа бірлескен жобаларды іске қосуға берік негіз қалайды. «Біз америкалық инвесторлармен энергетика мен қайта өңдеу, критикалық минералдар, АӨК, цифрлық экономика және логистика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз. Қазақстан тұрақты өсімді көрсетіп отыр және болжамды реттеу ортасын, «бір терезе» құралдарын және жобаны өмірлік цикл бойы сүйемелдейтін келісімшарттық механизмдерді ұсынады», – деді ол.
Өз кезегінде Х.Чокси америкалық бизнестің Қазақстанға жоғары қызығушылығын атап өтіп, инфрақұрылым, индустрияландыру, инновациялар және тұрақты технологиялар салаларындағы жобалардың әлеуетін, сондай-ақ Қазақстанның Орта дәліздегі тораптық серіктес ретіндегі маңыздылығын ерекше атап өтті.
Кездесу барысында америкалық бірқатар компаниялар Қазақстанда өндірісті жергіліктендіру және қатысуын кеңейту бойынша ниеттері мен бастамаларын таныстырды – машина жасау мен азық-түлік өнеркәсібінен бастап финтех-қызметтер мен өнеркәсіптік технологияларға дейін. Атап айтқанда, Қостанайда «John Deere» ауыл шаруашылығы техникасын жергіліктендіру, «PepsiCo»-ның тұзды жеңіл тағамдар өндірісі, жоғары технологиялық өнімдерді өндіру мен құрастыру, төлем инфрақұрылымын дамыту жобалары талқыланды.
Кездесудің қорытындысы бойынша Қазақстан мен АҚШ инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге және екіжақты қатынастардың стратегиялық сипатын нығайтуға қабілетті жаңа бірлескен жобаларды қалыптастыруға дайын екендігі аталып өтті.