Бүгін ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасы Бақытжан Жүнісбеков «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автомобиль жолдары және мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау қызметтерін көрсету мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы бойынша мәлімдеді.
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу халықты баспанамен қамтамасыз етудің тиімді тетігі ретінде көрсетілді. Алайда, ағымдағы сын-қатерлер, соның ішінде құрылыс салушылардың жосықсыз тәжірибесі, реттеудің жеткіліксіздігі және аймақтық құрылыс салушылардың заңды үлестік нарыққа қатысуына жоғары кедергілердің болуы заңнамалық базаны жаңарту мақсатында 2025 жылғы 30 маусымда Мемлекет Басшысымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына, автомобиль жолдарына үлестік қатысу және мүгедек адамдарды тасымалдау бойынша қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң қабылданды.
Құрылыс компанияларын қаражатты заңды жолмен тартуға ынталандыру мақсатында, Заңмен Бірыңғай оператор кепілдігін алу талаптары жеңілдетілді: тәжірибе бойынша 3 жылдан 2 жылға, көлем бойынша республикалық маңызы бар қалалар мен астанада – 18 мың шаршы метрден 10 мың шаршы метрге, өңірлерде – 9 мың шаршы метрден 5 мың шаршы метрге дейін төмендетілді.
Сонымен қатар, құрылыс салушы/уәкілетті компания қысқа және ұзақ мерзімді міндеттемелерді шегергеннен кейінгі жиынтық активтердің кемінде 10 %-ына тең активке ие болуы тиіс.
Бірыңғай оператордың кепілдігі — үлескерлердің құқықтарын қорғаудың мемлекеттік тетігі. Ол «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ арқылы жүзеге асырылады және құрылыс салушының дефолты жағдайында нысанның аяқталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Құрылыс салушы мен уәкілетті компания кепілдік алу үшін «ҚТК» АҚ-на жүгініп, жобаның заңдық тазалығын, экономикалық орындылығын және тараптардың қаржылық тұрақтылығын растайтын қажетті құжаттар пакетін ұсынады.
«ҚТК» АҚ жобаға кешенді бағалау жүргізеді, оған техникалық-экономикалық, қаржылық және заңдық сараптама, сондай-ақ тәуекелдер мен қаржыландыру құрылымын талдау кіреді.
Кепілдік беру туралы шартқа қол қойылғанға дейін уәкілетті компания бас мердігермен шарт жасасуға және «ҚТК» АҚ мен инжинирингтік ұйыммен үшжақты келісімге қол қоюға міндетті. Инжинирингтік ұйым техникалық қадағалауды, құрылыс-монтаж жұмыстарының мерзімі мен көлемін бақылауды, сондай-ақ үлескерлердің қаражатын мақсатты пайдалану мониторингін жүзеге асырады.
Барлық алдын ала рәсімдер аяқталғаннан кейін «ҚТК» АҚ мен уәкілетті компания арасында кепілдік беру туралы шарт жасалады, онда тараптардың міндеттемелері мен кепілдік жағдайын тану шарттары бекітіледі.
Бірыңғай оператордың кепілдігі үлескерге қосымша мүліктік кепілзатсыз-ақ салынып жатқан тұрғын үйге ипотекалық несие рәсімдеуге, сондай-ақ «Отбасы банкі» жүйесінің құралдары арқылы зейнетақы жинақтарын пайдалануға мүмкіндік береді.
Осылайша, кепілдік тетігі үлескерлерге сенімді құқықтық қорғауды, құрылыс қаржыландыруының ашықтығын және құрылыс салушыда қаржылық тәуекелдер туындаған жағдайда жобаның аяқталуын қамтамасыз етеді.
Механизмнің негізгі қадамдары:
Құрылыс салушы жобалық-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлейді.
Банк құрылыс салушыны талдайды (қаржылық жағдайы, тәжірибесі, беделі және т.б.).
Банк арнайы шот ашады.
Құрылыс салушы қаражатқа кезең-кезеңімен қол жеткізеді, бұл белгілі бір құрылыс жұмыстары орындалғанын растағаннан кейін жүзеге асады.
Банктік келісімшартқа қол қойылғаннан кейін құрылыс салушыға үлескерлердің қаражатын тартуға жергілікті атқарушы органнан (ЖАО) рұқсат беріледі.
Үлескерлер қаражатты құрылыс салушыға тікелей емес, банк шоттарына аударады.
Банк құрылыс кезеңдерінің орындалуын тәуелсіз сарапшылар (техникалық қадағалау ұйымдары) арқылы бақылайды.
Банк құрылыс салушыға қаражатты белгілі бір кезеңдер орындалғаннан кейін аударады (қаңқаны тұрғызу, терезелерді орнату, инженерлік коммуникацияларды жүргізу және т.б.).
Банк бақылау функцияларын аяқтайды.
Үлескерлерге меншік құқығы беріледі.
Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында Halyk, БЦК, Еуразиялық, Jusan және EGOV қосымшаларында үлестік құрылыстағы нысандарды тексеру сервисі іске қосылды.
Сатып алушылар онлайн режимде белгілі бір нысан бойынша Бірыңғай оператордың кепілдігінің немесе жергілікті атқарушы органның рұқсатының бар-жоғын тексере алады. Бұл өз кезегінде үлескерлердің алданып қалу жағдайларын және проблемалық нысандардың санын азайтады. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша сервиспен шамамен 530 мың бірегей пайдаланушы қолданды.
Жалпы, қабылданған шаралар тұрғын үй құрылысы саласындағы қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуге, мәмілелердің қауіпсіздігін арттыруға, үлескерлердің қаражатын мақсатты пайдалануға, әлеуметтік шиеленісті төмендетуге және бюджетке түсетін жүктемені азайтуға бағытталған.