Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы қос азаматтық үшін қатаң жаза тағайындауды ұсынды. Ішкі істер министрлігі депутаттың бұл ұсынысын қолдауға дайын екенін мәлімдеді.
Депутат еліміздің Конституциясында қос азаматтыққа тікелей тыйым салынғанын атап өтті.
«Алайда іс жүзінде кейбір азаматтар екінші паспорты бар екенін жасырып, Қазақстанның барлық құқықтары мен жеңілдіктерін пайдаланып жүр. Ерекше алаңдататыны – мұндай фактілер анықталған жағдайда да жауапкершілік тек айыппұлмен шектеледі. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс аясында шамамен 690 мың теңге көлемінде айыппұл көзделген. Ал заң бұзғандар ел аумағынан еш кедергісіз шығып кетеді, себебі уәкілетті органдар мен құқық қорғау органдары әкімшілік регламенттер мен ҚПК-ден аса алмайды. Соның салдарынан мұндай адамдар тергеуге алынбайды, оған қоса бірқатар мемлекетпен экстрадиция дәстүрінің жоқтығы да жағдайды қиындатып отыр. Мұндай фактілер аз емес», – дейді Болатбек Нажметдинұлы Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, екінші азаматтығын жасырған адам өзін осы елдің бір бөлігі ретінде сезінбейді, Қазақстанның болашағын ойламайды, тек кетудің ыңғайлы сәтін күтеді. Болатбек Нажметдинұлы қос азаматтығы бар адамдарға қатысты жауапкершілікті қылмыстық жазаға дейін қатаңдату туралы түзетулерге бастамашы болатынын мәлімдеді.
«Әріптестерім бұл бастаманы қолдайтынына сенімдімін, ал Ішкі істер министрлігі оны жүзеге асыруға дайын ба?», – деп сұрады депутат.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұл ұсынысты қарастыруға дайын екенін айтты.
«Мұны талқылауға дайынбыз. Бұл ұлттық қауіпсіздік, тыныштық мәселесі болған соң, әрине талқылауға дайынбыз», – деді министр.