Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев әлеуметтік саладағы қызметкерлердің еңбек жағдайы мен жалақысы жайлы мәселе көтерді. Ол бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Жазда жұртпен жүздестік, айлығын шайлығына жеткізе алмай жанталасқан ұл-қыздарды көрдік. Қамкөңіл қарапайым қарашаның жағдайы жанға батып барады».
Оның сөзінше, әсіресе ерекше балаларға көмек көрсететін және қарттарға күтім жасайтын әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі ескерусіз қалып отыр.
Сәрсенғалиевтің айтуынша, бүгінде елдегі әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында мыңдаған маман жұмыс істейді. Олар ерекше балаларды оқытып, жаттықтырып, күн сайын жүздеген адамға көмек көрсетуде. Бірақ соған қарамастан, олардың еңбекақысы төмен.
Мәселен, депутат барып көрген Астанадағы «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 640 бала ем алады. Бұл жерде 160 қызметкер еңбек етеді, олардың орташа жалақысы – 180 мың теңге.
«Мұндай ауыр әрі эмоционалды жұмысты істеп жүргендер үшін бұл өте аз. Салдарынан кадр тапшы: тек 2024 жылы 53 қызметкер жұмыстан кетсе, 2025 жылдың алғашқы жартысында тағы 28 маман кеткен», – деді ол.
Депутат сондай-ақ елордадағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ахуалын да назарға алды. Мұнда 900-ге жуық қарт жан күтімге мұқтаж.
«Олардың ішінде бала-шағасы тастап кеткен ата-әжелер де бар, көргенде жүрегің қан жылайды. Ал осындай ауыр жұмысты атқарып жүрген қызметкерлердің айлығы небәрі 110 мың теңге», – деді Сәрсенғалиев.
Осы жағдайды ескеріп, депутат Үкіметке жеті нақты ұсыныс енгізді:
1. Әлеуметтік қызметкерлердің, консультанттардың, орта медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру;
2. Сала мамандарына қосымша 18 күнтізбелік күн демалыс беру;
3. Денсаулық сақтау және әлеуметтік саладағы педагогтарды білім беру жүйесіндегі әріптестерімен теңестіру;
4. Үй жағдайында жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлердің жұмыс уақытын аптасына 30 сағаттан асырмау;
5. Әлеуметтік қызметкерлерге төмен пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотека әзірлеу;
6. Оларды жалға берілетін тұрғын үй алатындардың тізіміне қосу;
7. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысу үшін басым санатқа енгізу.
«AMANAT» партиясы әлеуметтік саладағы жағдайды түбегейлі жақсартуды талап етеді.
«Әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі еленбейінше, халықтың әл-ауқатын арттыру туралы айту қиын», – деді Нартай Сәрсенғалиев.