Орал қаласының тұрғыны ақ түсті Renault Logan автокөлігін ұрлап айдап кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 1 қыркүйек күні болды.
Күдікті жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, жолдағы басқа қатысушыларға қауіп төндіріп, полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы заңды талабына бағынбаған.
Назарбаев көшесінің бойында бағдаршамның тыйым салатын белгісін елемей, Назарбаев пен Карев көшелерінің қиылысында Lada Granta және Lada Largus автокөліктерімен соқтығысқан.
Осы жол-көлік оқиғасы салдарынан Lada Granta автокөлігінің жүргізушісі ауыр жарақат алып, ауруханада қайтыс болды.
- Күдікті де дене жарақаттарын алып, медициналық мекемеге жеткізілді, қазір оны полиция күзетіп отыр. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады ведомстводан.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, марқұмның соңында әйелі, екі баласы қалды.