Ербаян Мұхтар Түркияда толыққанды реабилитациядан өтеді

/
Ербаян Мұхтар Түркияда толыққанды реабилитациядан өтеді

Белсенді әрі заңгер Инга Иманбай Ербаян Мұхтардың екінші кезеңдегі емі туралы жақсы жаңалығын бөлісті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, бүгін таңғы бесте Ербаян Ыстанбұлға толыққанды реабилитациядан өту үшін аттанған. Онымен ата-анасы бірге кеткен.

«Бұл сапар Ербаян үшін шешуші кезең. Сол себепті барлығымыз бірге баламызға ақ жол, сәтті сапар тілейік», – деді емделушінің қорғаушысы.

Бірінші кезеңдегі операция мен емді халықтың қолдауымен өткерсе, бұл жолы мемлекеттен үлкен көмек көрсетілді. Инга Иманбайдың айтуынша, портал арқылы үш айға созылатын қымбат әрі маңызды реабилитациялық ем толық қаржыландырылған. Ал ұшуды Ішкі істер және Қорғаныс министрліктері бірлесіп ұйымдастырған.

Осыған байланысты Ербаянның ата-анасы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға және генерал Қайрат Үмбетовке алғыс айтты.

«Халықтың назарын аударту, мемлекеттік органдарды іске жұмылдыру, осындай маңызды емді ұйымдастыру – бір күннің шаруасы емес. Бұл ұзақ келіссөздер мен табанды еңбектің жемісі. Айқайсыз, бірақ жүйелі жасалған жұмыс», – деді Инга Иманбай.

Ол сонымен бірге алдағы үш ай Ербаян үшін шешуші болатынын атап өтті: «Бұл – біздің арманымызға, яғни Ербаянның өз аяғымен жүріп, сөйлеп кетуіне жақындататын үлкен қадам».

Реабилитацияны одан әрі жалғастыруға да халық жинаған қаражаттың алғашқы емнен қалған бөлігі жұмсалмақ.

Инга Иманбайдың айтуынша, Ербаянның толық сауығуына қанша уақыт қажет екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Дегенмен ол халықтың көмегімен, ата-анасының жігерімен бұл күнге де жететініне сенім білдірді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары